Алматылықтарға эпидемияның құбылмалы жағдайында босаңсымау керек – Алматы эпидемиологтары

11.12.2020 20:15

Әлемде эпидемиялық жағдай ушығып барады

Әлемдегі және Алматы қаласындағы эпидемиялық жағдайдың ушығуы аясында Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықовамен онлайн-сұхбат өтті, оның барысында спикер кең таралған сұрақтарға жауап берді және қала тұрғындарына ағзаны барынша қорғауды және жұқтыру қаупін азайтуды қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

– Әлемдегі эпидемиялық жағдайға қандай баға бересіз? Жалпы жағдай тұрақтанғандай болып еді, не себепті қайтадан ушығып барады? Әлемдегі жағдайдың ушығуы неге байланысты?

Әлемде эпидемиялық жағдай ушығып барады. Бүгінгі күнгі тәулігіне ауру жұқтырып, сырқаттанғандардың ең көп саны АҚШ-та  – 217 мың адам, Түркияда – 33 мың адам, Үндістанда – 26,5 мың адам, Германияда – 18,3 мың адам, сондай-ақ бірқатар елдерде – тәулігіне 10 мыңнан 15 мың адамға дейін (Франция, Италия, Ұлыбритания, Украина, Иран) тіркеледі.

Біздің ойымызша, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы кез келген эпидемиялық процеске тән толқын тәрізді ағыммен қабылданады – қазіргі уақытта осы елдерде індеттің екінші немесе үшінші толқыны (аурудың өсуі) тіркелуде. Әрине, аурудың кезекті рет өсу қарқындылығына, ауқымына әсер ететін бірқатар себептер бар: біріншіден, індеттің алғашқы толқыны кезінде алынған иммундық қабаттың аздығы, екіншіден, бұл елдерде жұмсарта айтқанда, халық карантиндік режимге жауапсыз қарайды, ол көптеген елдерде әртүрлі жаппай демонстрациялар мен наразылықтардың өтетіні жаңалықтар телерепортаждарынан да байқалады. Олардың көпшілігінде, үшіншіден, вирустың жоғары патогенді «еуропалық» штамының таралып жүруінен болуы мүмкін.

Эпидемия ауқымына әртүрлі елдер тұрғындарының өмірі мен тамақтануының ғасырлық сипаты да әсер етеді деп болжаймыз, бұл күнделікті өмірде жануарлардың коронавирустық инфекциясы қоздырғышының штамдарымен және олардың арасында коронавирус вирусы таралған жануарлардан алынатын тағаммен күнделікті байланыс дәрежесін білдіреді.

– Эпидемиялық ахуалдың ушығуына байланысты Еуропалық Одақ елдерінде бірқатар қатаң шектеулер қабылданды. Жаңа жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты алматылықтарға не істеу керек?

Алматылықтарға эпидемияның құбылмалы жағдайында қырағылықты жоғалтпау және босаңсымау керек, қалалық билік қабылдаған барлық шектеу шараларын сақтау қажет. Тыйым салынғанына қарамастан, халықтың әртүрлі жаппай іс-шаралар – үйлену тойлары, мерекелік іс-шаралар, еске алу және басқаларын өткізіп жатқаны, сондай-ақ, жұқтыру қаупі өте жоғары қалалық қоғамдық көліктердегі халықтың жайбарақат жүретіні жасырын емес. Барлық жерде бетпелердің  қалай болса солай қолданылатыны байқалады (иекте, тек аузын жауып және т.б.).

– Ауа райының өзгеруі коронавирусқа қалай әсер етеді? Бұған дейін тұмау және ЖРВИ сияқты маусымдық ауруларға коронавирустың қабаттасуы туралы түрлі алаңдаушылық пікірлер айтылған болатын. Екі ауру қабаттасқан жағдайда ауру қалай жүреді, қандай асқынулар пайда болуы мүмкін?

Ащы тәжірибеден коронавирустың маусымдық дерт емес екендігі белгілі және жылдың ыстық кезеңінде де күшеюі мүмкін. Алматы қаласында індеттің алғашқы толқынындағы аурудың жоғары деңгейде таралуы маусым-шілде айларында болды. Тұмау, ЖРВИ және коронавирус ауруларының қабаттасуы кезінде қандай асқынулар пайда болуы мүмкін екенін елестету қиын емес, олар өздігінен ауыр өтуі мүмкін. Вирустық инфекциялар адам ағзасының тыныс алу және жүрек-тамыр жүйелеріне зақым келтіруіне байланысты күрделі асқынуларға әкелетіні белгілі, ал коронавирус қанның ұюының жоғарылауына байланысты тромбоздың пайда болуына әкелуі мүмкін.

– Алматының сары аймақта екенін ескере отырып, азаматтарға қысқы маусымда иммунитеттерін күшейтіп, КВИ-ның алдын алу үшін қандай ұсыныстар бере аласыз?

Қыс маусымында иммунитетті күшейту бойынша әдістер мен ұсыныстар бәріне белгілі.  Ал КВИ ауруының алдын алу тек белгіленген шектеу шаралары мен қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтау арқылы мүмкін.

– Желтоқсан айында мерекелер мен демалыс күндер көп. Көбі қала сыртына шығуды жоспарлайды. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Бірқатар елдерде жаппай аурудың өршіп тұрғанын ескере отырып, шетелге шығуды шектеу қажет пе?

Бірқатар елдерде аурудың кеңінен таралуын ескере отырып, шетелге шығуды  шектеу талабы ұсынылады. Қаладан тыс сапарға шығуға да кеңес берілмейді, ұжымдық иммунитет деп аталатын халықтың көпшілігінде иммунитет пайда болатын жаппай вакцинацияға дейін  күткен дұрыс. Қажет болған сапар барысында бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек.

–  Карантиндік шектеулерге байланысты, азаматтардың жаңа жылдық корпоративтер және жаппай отырыстарды өткізе алмайтыны белгілі, бірақ, өкінішке қарай, көптеген кәсіпкерлер, мекемелердің иелері және қала тұрғындары тәжірибе көрсеткендей, банкеттер өткізіп, шектеу шараларын әдейі бұзуы мүмкін. Осындай жаппай шараларды өткізу неге әкеп соқтырады? Жұқтыру қаупі қандай?

Шектеу шараларын қасақана бұзатын мұндай отырыстарда ұзақ және тығыз байланыс болатындықтан, жұқтыру қаупі өте жоғары. Мұндай бұзушылықтар инфекцияның өршуіне, банкетке қатысушылардың ғана емес, сонымен қатар отбасы мүшелерінің де жұқтырып, ауыруына әкеледі.

– Қала тұрғындарына алдағы мерекелерді атап өтуге қатысты қандай ұсыныстар бере аласыз? Жалпы, алдын алудың қандай бағыттарын күшейту керек?

Қала тұрғындарына алдағы мерекелерді тойлауға қатысты көпшілік іс-шаралар мен мерекелерден бас тартуға, мерекелерді отбасы ортасында атап өтуге кеңес береміз. ҚР және Алматы қаласы Бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулыларында көрсетілген шектеу шараларын күшейту керек.