Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктіріледі

17.07.2020 20:53

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тікелей эфирде мәлімдеді

көрнекі сурет

Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктіріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тікелей эфирде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

«Коронавирус жағдайларының жалпы статистикалық есебінен бөлек пневмонияға да назар аудару қажет. Деректердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық деректерді есепке алу мен қалыптастырудың жаңа тәсілдерін біріктірді. ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросымен жүргізілген консультацияларды ескере отырып, біз COVID-19 жағдайларын есепке алу үшін жаңа кодтауға көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, COVID-19 зертханалық расталған жағдайлары ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен, бірақ коронавирустың клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар пневмония жағдайларымен біріктіріледі. COVID-19 кодталуына жаңа кодтарды пайдалана отырып, аурудың халықаралық жіктелуіне толық көшу 1 тамыздан бастап жүзеге асырылады», –  деді Алексей Цой.