Коронавирусқа шалдыққандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар – Цой

11.08.2021 21:08

Оның сөзінше бүгінде 5,9 млн адам 1-компонентін алған

Коронавирусқа шалдыққандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның сөзінше бүгінде 5,9 млн адам 1-компонентін алған. Бұл екпе алуға тиісті халықтың 59 пайызы. Ал 2-компонентті 45,2 пайызы алған. Бұл шамамен 4,5 млн адам. Вакцинацияның 1-дозасымен ең төменгі қамту проценті Маңғыстау облысында деді министр. 

«Вакцинацияның тиімділігін бағалау барысында аурудың 99,9 пайызы вакцина алмағандарға тиесілі екендігі анықталды. Бұл ретте вакцинациядан кейін ауырғандардың үлесі не бәрі 0,1 пайызды құрайды. Екпе алмағандар арасында COVID-19-дан өлім-жітім үлесі 97,7 пайыз. Ал вакцинация алғандар арасында қайтыс болғандар 2,3 пайыз. Олардың ауыр созылмалы аурулары болғанын айта кету керек. Бұл факті COVID-тің ауыр салдарының алдын алудағы вакцинацияның тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Дегенмен Қазақстанда коронавирустың таралу индексі 9 пайызға төмендеген. Алексей Цойдың атап өтуінше, елдегі эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда тағы 7 419 инфекциялық төсек-орын әзірленген. Қазіргі таңда Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ауруханаларға науқастар көп түсіп жатыр. Аталған өңірлерде инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 60 пайыздан жоғары. Бұл ретте Асқар Мамин халықтың вакцина алу көрсеткішіне көңілі толмайтынын жеткізіп, шектеу шараларын қатаң сақтауды қамтамасыз ету керектігін айтты. 

«Вакциналау қарқынын күшейту қажет. Бұл мәселені, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдері бақылауға алуы және тамызда вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Барлық өңірде эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау қажет. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысының әкімдіктері бұл мәселеге ерекше назар аудару керек. Халықтың шектеу шараларын, әсіресе, бетперде режимін сақтауын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін мониторингілік топтардың жұмысын жандандырып, тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту керек», – деді ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.