Алматыда 2 мыңнан астам медқызметкері жұқпалы аурулармен жұмыс істеуге ниетті

04.08.2020 20:37

Жалпы, мегополисте 74 ведомстволық мекеме қызмет істейді, одан бөлек 20 республикалық және 93 жеке меншік медицина ұйымы бар

kabar.kg

Алматыда 2 335 медицина мамандары жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеуге әзір. Бұл туралы Алматы қаласы Жоғары медициналық колледжінің директоры Светлана Сұлтанғазиева онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазіргі таңда коронавирус жұқтырғандарды емдеуге 27 медицина ұйымы тартылған. Жалпы, мегополисте 74 ведомстволық мекеме қызмет істейді, одан бөлек 20 республикалық және 93 жеке меншік медицина ұйымы бар. Олардың барлығында 38 мыңдай медицина кадры жұмыс істеп жатыр.

«1 тамыздағы жағдай бойынша 6 мыңнан астам төсек-орын ашылды. Онда 4035 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, кадр ресурстарын жоспарлаумен және болжаумен айналысамыз. Енгізілген инфекционды төсек санына байланысты штат кестесі жүргізіледі»,– деді Светлана Сұлтанғазиева

Сонымен қатар ол тамыз айының соңында 300 төсекке арналған модульдік стационар ашу жоспарда екенін айтты.

«Біз кадрларды іздеу бойынша үздіксіз жұмыс жүргізудеміз, БАҚ-та, әлеуметтік желіде ақпараттандыру мен кеңінен насихаттауды, өтінімдерді жинауды жалғастырып жатырмыз. Бірінші кезекте жеке меншік медицина ұйымдарынан әріптестерді тартуға тырысамыз, одан кейін колледждер мен ЖОО түлектерін тартудамыз. Алматы қаласында 2 медициналық университет және 10-нан астам колледж бар. Сондай-ақ, волонтерлерді де шақырып жатырмыз. 2020 жылдың 3 тамызында кадр резервінде 2335 адам бар», – дейді ол.