А. Цой коронавирусқа қатысты жаңа болжам айтты

20.04.2021 20:43

Мамыр айының ортасында елімізде коронавирустың тіркелуі тәулігіне 4000 жағдайға жетуі мүмкін

Аlmaty.tv

Нақты сценарий бойынша мамыр айының ортасында елімізде коронавирустың тіркелуі тәулігіне  4000 жағдайға жетуі мүмкін. Ал, оптимистік сценарий бойынша және вакцинацияны кестеге сәйкес жалғастырған жағдайда сәуір айының соңында тәулігіне 3000-ға дейін адам вирус жұқтырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Денсаулық сақтау министрлігі Covid-19-дың таралуына осындай болжам жасап отыр. Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан мен Алматы облыстарында және Алматы қаласында инфекциялық төсек-орындар ең көп қамтылған.  Оның ішінде 775 науқастың жағдайы өте ауыр.

«Вакцинациядан болатын әсер бірінші кезеңде иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен және халықтың көп санын бір мезетте вакцинациялаудың мүмкін еместігімен шектелетін болады. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді. Қазір ел арасында екпе салу тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін ұлғайды. Бұл ретте кестеден қалып қою 3 өңірде, атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында байқалады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Сонымен қатар, министр дәстүрлі оқу форматы енгізілгеннен бастап оқушылар арасында коронавируспен ауырғандар көбейіп кеткенін айтты. 4-тоқсан басталғалы 3 700-ден астам бала вирус жұқтырған.

«Дәстүрлі форматта білім алып жатқан Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облысы оқушылары арасында коронавирусқа шалдыққандар саны артты.  Ал онлайн режимде оқитындар арасында Нұр-Сұлтан мен Алматы облысында коронавируспен ауырғандар көп. Осыған орай әкімдіктер білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және коронавирустың алдын алудың негізгі іс-шараларын орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. «Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде оқуды офлайн режимде жүргізуге болмайды», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.