Пульмонология орталығының құрылысы мәресіне жетуге шақ қалды
Өскемен қаласындағы Пульмонология орталығының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.
«Пульмонология орталығының құрылысы мәресіне жетуге шақ қалды. Құрылысшылардың жоғары жауапкершілігі қуантады. Барлығы қазан айының соңына дейін нысан іске қосылуы тиіс екенін жақсы түсінеді. Оның үстіне орталықты жабдықтау үшін біз ең заманауи және қажетті жабдықтарды сатып алдық»,– дейді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, облыста коронавирустың ықтимал жаңа толқынына 5 300 инфекциялық және провизорлық төсек орын, 5 ПТР зертхана дайындалған. Зертхананың әрқайсысы күніне мың сынама жасауға қауқарлы. Қосымша 3 компьютерлік томограф сатып алынды.
Пандемиядан кейін пульмонология орталығы тек емдеу емес, сонымен қатар тыныс алу аурулары бар науқастар үшін ең озық медициналық технологиялар қолданылатын ғылыми мекемеге айналмақ.