Карантин: Бостандық ауданында соңғы 2 айда нысандар мен жеке тұлғаларға салынған айыппұл көлемі 12 млн теңгеден асқан

Карантин: Бостандық ауданында соңғы 2 айда нысандар мен жеке тұлғаларға салынған айыппұл көлемі 12 млн теңгеден асқан
Рейд барысында ешқандай карантин талаптарын сақтамай, жұмыс істеп тұрған түнгі клуб әшкере болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Соңғы 2 айда Алматы қаласының тек бір ғана Бостандық ауданында карантин талаптарын бұзған нысандар мен жеке тұлғаларға салынған айыппұл көлемі  12 миллион теңгеден асып кеткен. Рейд шаралары қанша күшейтілсе де,  кәсіпкерлер тарапынан ережені бұзу деректері азаймай отыр. Түнде ұйымдастырылған кезекті рейдке біздің түсіру тобы қатысқан еді, толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай айтып берсін.

Рейд барысында ешқандай карантин талаптарын сақтамай, жұмыс істеп тұрған түнгі клуб әшкере болды. Ондағы келушілердің темекі өнімдері мен алкагольді сусындар да қолданылғаны анықталды. Тәртіпті елемегендер енді айыппұл төлеуі мүмкін.

Мониторингтік топ үстінен түссе де, мұндағы қонақтар тарайтын емес. Кенеттен келген тексеріс олар үшін үйреншікті жағдай сияқты. Тәртіпке бағынбағандар енді заң жүзінде жауап береді.

Келесі нысан осы уақытқа дейін перделерін түсіріп, есікті ішінен құлыптап жұмыс істеп келген. Тәртіп сақшыларының келгеніне қарамастан, мекеме қызметкерлері есігін ашудан бас тартты.

Тек жарты сағаттық сөз таластан кейін ғана, мониторинг топ ішке кірді. Дәмхана ішінен шамамен 50 шақты адам анықталып, басшысына хаттама толтырылды. Енді құжаттар тиісті жазаны тағайындау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі.

«Иелерімен түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Раппорт толтырып, СЭС басқармасына жібереміз әкімшілік хаттама толтырғанға. Қазіргі таңда енді 22.00-ға дейін рұқсат берілген мейрамхана, кафелердің жұмыс жасауына. Оған қарамастан бұзып жатқандар да бар», – деді Бостандық ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Талғат Құрманбеков.

Келесі нысанда дәл осы жағдай қайталанды. Мекеме қызметкерлері біраз уақыт есігін ашпай, мобильді топты әуре-сарсаңға салды. Ал дәмхана ішінде келушілердің көптігінен аяқ алып жүру мүмкін емес. Тәртіп сақшылары ішімдік ішкендерге қатаң ескерту жасап, кәсіпкерге хаттама толтырды.  

«Бұл нысан қоғамдық тамақтану орындарына қойылған уақыттық талапты ескермеген. Енді мекеме қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазаланады», – деді «Атамекен» ҰКП Бостандық аудандық филиалының директоры Райымбек Бақытұлы.

Ауданда рейд шаралары үшін 4 арнайы мобильді топ құрылған. 8 қазаннан бері 682 кәсіпкерлік нысан тексерілді. Ал Бас санитардың қаулысын бұзған заңды тұлғаларға 7 миллион теңгеден астам айыппұл салыныпты.  

Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арансы

Новости партнеров