Пандемияны жою жолында жанталасып жүргендерді қорғаныс құралдарымен қамтымақ ниетте
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің».Қазақстандық кәсіпкерлер елдегі төтенше жағдай кезінде қол қусырып отырған жоқ. Пандемияны жою жолында жанталасып жүргендерді қорғаныс құралдарымен қамтымақ ниетте. Құны 1 миллион АҚШ доллларынан асатын медициналық құрал тиеген ұшақ бүгін Алматы әуежайына келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мен дәл қазір халықаралық Алматы әуежайында тұрмын. Сағат 11-ден 13 минут өтті. Өздеріңіз көріп тұрғандай менің артымдағы бірнеше ұшақ қозғалыссыз тұрғанына бірнеше апта болды. Өйткені төтенше жағдай кезінде Алматы халықаралық әуежайына ешбір ұшақтың қонуына рұқсат жоқ.
Десе де бүгін бәрі басқаша. Телеоператорлар мен фотографтар гуманитарлық көмек тиеген ұшақты күтіп алу үшін бір қатарға тізіліп, сақадай сай тұрды. Ұзақ уақыт мүлгіген әуежай тыныштығын қызылды-жасылды түске боялған SCAT әуе компаниясына тиесілі ұшақтың гүрілі бұзды.
Ұшақты алдымен эпидемиолог мамандар тыңғылықты тексеріп, экипаж мүшелерінің дене қызуын өлшеді. Барлығы дұрыс деген хабар келгеннен кейін ғана әуе кемесінің жүк тиегіші ашылды. Мұнда пандемиямен күресіп жатқан жандар үшін 12 тоннан құрайтын қорғаныс құралдары бар. Медициналық тауар Қытайдан әкелінді. Мұндай қайырымды іске отандық кәсіпкерлер демеушілік еткен.
«Жүк негізінен қорғаныс құралдарынан тұрады: қолғап, бетперде, репратор, көзілдірек, бірнеше рет пайдалануға болатын костюмдер мен инфракүлгін термоматерлер. Ең біріншіден, біздің кәсіпкерлерімізге ризашылығымызды білдіргіміз келеді», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік ТҰРДАЛИЕВ.
Жеке қорғаныс құралдарын сатып алу мен жеткізуге қазақстандық кәсіпкерлер демеушілік еткен.
«Бұл бірлесе атқарылған жұмыс болды деуге болады. Бізге Шанхайдан Алматыға жүк жеткізуді ұйымдастыруға көмек көрсеткен еліміздің Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Қытайдағы және Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне қол ұшын созғаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді кәсіпкер Райымбек БАТТАЛОВ.
Отандық кәсіпкерлер гуманитарлық көмекті Шанхайдан тапсырыспен алдыртқан. Медициналық құрылғылар Қытай және Еуропа кәсіпорындарында шығарылады және еуропалық сапа сертификаттарына ие. Тауарлар әуежай қоймасынан Алматы қаласымен Алматы облысы әкімдігіне табысталды.
Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы