Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт артты – Бас санитар дәрігер

20.05.2020 21:21

Елімізде коронвируспен сырқаттанудың өсімі 15 пайызға жетіп отыр

m.yna.co.kr

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда соңғы аптада коронавируспен сырқаттану деңгейі 15 пайызға артып кеткенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әлемде коронавирустық инфекция бойынша сырқаттану жағдайы әлі де тұрақсыз. Ауырғандардың саны өсіп отыр. Бүгінгі күні әлемде барлығы 5 миллионға жуық адам ауырып, оның ішінде 324 мың адам қайтыс болды. Бүгінгі күнге Қазақстанда 6 969 жағдай тіркелді. Күнделікті емделіп шыққан адамдардың саны артып келеді. Барлығы 3 649 адам жазылып шықты. Бұл ауырғандардың 50 пайызын құрайды. Соңғы тәулікте елде 218 жаңа жағдай тіркелді. Өсу қарқыны 3,2 пайызды құрады. Оның ішінде 25-і науқастармен байланыста болғандар, 28-і скрининг барысында анықталғандар, 21-і ауруханаға жүгінгендер, 17-сі сырттан әкелгендер», - деді Айжан Есмағамбетова.

Бас санитарлық дәрігер соңғы апта ішінде елімізде коронвируспен сырқаттанудың өсімі 15 пайызға жетіп отырғанын атап өтті.

«Бұл ең алдымен коронавирус инфекциясына тест өткізу көлемінің артуымен байланысты. Коронавирус инфекциясы тіруелген сәтттен бері бүгінгі күнге дейін 559 мыңнан астам тест жасалды. Наурыз айымен салыстырғанда тәулік ішінде тестілеу саны 6 мыңнан 23 мыңға дейін ұлғайды. Бұл тәуекел тобына кіретін тұлғалар арасында скрининг жүргізу арқылы науқастарды анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізуімізге мүмкіндік берді», - деді Бас санитарлық дәрігер.

Айжан Есмағамбетова науқастар санының артуының тағы бір себебі, еңбек ұжымдарында жаппай жұғудың болып жатқанында деді.

«Мысалы, Теңіз кен орнында 935 адамнан коронавирус табылды. Шымкентте «Петро Казахстан Ойл продакшнның» 101 қызметкері, оған қарасты кәсіпорындардың 23 қызметкерінен инфекция табылып, олар үйлеріндегі 69 адамға жұқтырған. Қарағандыда «Қазақмыстың» бір кен орнына 34 жағдай тіркелді. Теңізге байланысты облысқа Үкіметтік комиссия жіберіп, жұмыс кестесін басқа бекіту қаралуда. Егер санитарлық шаралар сақталмаса, жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр боламыз», - деді ол.