Коронавируспен ауырған тұрғынның даусы адам танымастай өзгеріп, сөйлеу мәнері бұзылған

10.09.2021 21:32

Ауруханада жатып, таңертең сүйіктісіне хабарласқан Ноэль өз даусының адам танымастай өзгергенінен қорыққан

YouTube

Коронавирустан тіл тартылып қалу қаупі бар. Ол туралы бізге Америкадан арнайы байланысқа шыққан тұрғын хабарлады. Бір жыл бойы вирустан емделудің жолын іздеген бойжеткен аталған аурудан даусының адам танымастай өзгеріп, сөйлеу мәнерінің бұзылғанын да айтты. «Лонг Ковид» деп аталатын синдром туралы не білеміз? Оның белгілері қандай? Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Бұл видео 3 жыл бұрын, жаһанды пандемия жайламай тұрған кезде түсірілген. Американдық Ноэль Лэшли ғажап даусымен ән шырқап, келешегін де осы саламен байланыстырған еді. Бірақ тосыннан келген дерт оның жоспарына да, денсаулығы мен вокалдық қабілетіне де зор нұқсан келтірді.

«Алғашында «Мен жаспын, денім де сау, сондықтан вирусты да тез жеңемін», деп ойлағанмын. Жігітім де ауырды, бірақ 4 күннен соң жазылып шықты. Мен керісінше, әуелі бір апта, кейін  айлап төсектен тұра алмай қалдым. Алғашында әдеттегідей демалуым қиындап еді, кейіннен тіпті естіп, көрмеген симптом пайда болды», – деді АҚШ тұрғыны Ноэль Лэшли.

Ауруханада жатып, таңертең сүйіктісіне хабарласқан Ноэль өз даусының адам танымастай өзгергенінен қорыққан. Ол «Мұндай өзгерістің болатынын тіпті білмедім»,– дейді.

«Қазір ауырып жүргендегі даусымның қаншалықты қорқынышты болғанын көрсетейін», – деді АҚШ тұрғыны Ноэль Лэшли.

Ноэль бұған дейін АҚШ телестанцияларының бірінде тележүргізуші болып жұмыс істеген. «Дауыс- кез келген журналистің басты қаруы саналғандықтан, ендігіде қызметімді қалай жалғастырамын?» – деп қынжылады.

«Бәрінен бұрын, өміріммен қош айтысамын ба деп қорықтым. Түсімде өліп қаламын ба деп ұйықтамайтын кездерім де болған. Түнімен фильм көріп, әйтеуір уақыт өткізетінмін. Ал жігітім ұйқысынан ояна салып, дем алып жатырмын ба, жоқ па деп, тексеріп тұрушы еді», – деді АҚШ тұрғыны Ноэль Лэшли.

Қазір Ноэль бірқатар интенсивті курстан өтіп, толықтай қалпына келген. Дегенмен, «ендігіде опера әншісі боламын деген арманымнан бас тартатын болдым»,– деп налиды. Не де болса журналистік жолды әлі де жалғастырамын деп отыр. Айта кету керек, «Лонг Ковид» синдромы Қазақстанда да кең тараған. Дәрігерлердің айтуынша, жығылғанға жұдырық болар мұндай белгілерден сақтанудың жалғыз жолы – салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану, сондай-ақ ұйқы мен денсаулықты күту керек екенін ескеру керек.

«Ұлыбританиялық және Қытайлық әріптестеріміздің зерттеуі бойынша, «Лонг Ковид» науқастардың кем дегенде 80 пайызында кездеседі екен. Бұл дегеніміз, тіпті жеңіл формада ауырған науқастар мен симптомсыз ауырғандар да Лонг Ковидпен ауыруы мүмкін деген сөз», – деді жоғары санаттағы невролог дәрігер Айгүл Құдайбергенова.

Ноэль «Коронавирус жұқтырғанға дейін вакцина болғанда, ойланбастан салғызар едім»,– дейді. 

Айта кету керек, жарты жыл бұрын, ауру үстінде ол екпе қабылдаған. «Аяққа тұрып, қатарға қосылуыма да дәл осы вакцина сеп болды», – дейді бойжеткен.

Мадина Оқас, Денис Земцов,«Алматы» телеарнасы