Сәбиден қауіпті вирус анықталған жоқ
Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер өкпесі қабынып, ауыр халде түскен жүкті әйелді аман-есен босандырып алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
СҚО көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Юрий Белоног осы оңды оқиға жайында әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарымен бөлісті. Оның пікірінше, бұл – реаниматологтар мен акушер-гинекологтардың үлкен жеңісі.
«Сырқат бізге 1 қалалық ауруханадан түсті. Коронавирустың салдарынан екі өкпесі де қабынған әйелді операция арқылы босандырып алу керек болды. Кесарь тілігі жасалып, операция нәтижесінде аман-есен босанды. Алайда сырқаттың жағдайы көпке дейін аса ауыр болды. Ол 23 тәулік бойы өкпені жасанды желдету аппаратында жатты. Компьютерлік томография оның өкпесінің 90% зақымданғанын көрсетті. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Үйіне шығуға, жаңа туған сәбиімен, туған-туыстарымен кездесуге дайындалып жатыр», – деп жазды Юрий Белоног.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны ұл босанды. Сәбиден қауіпті вирус анықталған жоқ.