Инфекциядан қайтыс болу жағдайларының 61 пайызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаларында және Алматы облысында тіркелген
Қазақстанда коронавирустан өлім-жітім көбейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, инфекциядан қайтыс болу жағдайларының 61 пайызы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаларында және Алматы облысында тіркелген. Елімізде эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты тәуліктік тестілеу саны 48 мыңға дейін жеткізілген. Сонымен қатар Алексей Цой орын алған ахуалға байланысты барлық өңірлер қосымша шектеу іс-шараларын қабылдап жатқанын жеткізді.
«Биылғы сәуір айында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалады. Мәселен, сәуірде 11 күн ішінде наурыз айының осы кезеңімен салыстырғанда 24 955 адам КВИ-ға шалдыққан, яғни науқастардың үш есе өсімі байқалады. Тәулігіне 2 800 науқас тіркеледі. Қостанай және Түркістан облыстарынан басқа Қазақстанның барлық аймақтарында аурудың күрт өсімі байқалады», – деді ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой.
Бұл ретте Премьер-министр ай сайын 2 миллион адамға екпе салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ өңірлерде санитарлық нормалар мен бетперде режимін сақтауды күшейту керектігін айтты.
«Пандемиямен байланысты жағдай күрделі екенін көріп отырмыз. Қазірдің өзінде 8 өңір «қызыл аймаққа» кірді. Ауруханалардағы орындардың жүктелуі 41 пайызды, ал реанимациялық орындардың жүктелуі 27 пайызды құрап отыр. Вирустың репродуктивтілік индексі - 1,15 пайыз. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер ауруханалардағы орындардың толық дайындығын қамтамасыз етуі қажет. Біздің міндетіміз - санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алатындардың санын арттыру», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.