Халық дәріхана сөрелерінде антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар жоқ деп дабыл қағуда
Коронавирус инфекциясының алдын аламыз деп, дәрі-дәрмекті бей-берекет пайдалану аса қауіпті дейді сала мамандары. Олар халықты өз бетімен емделуден бас тартуға шақырады. Тағы бір маңызды түйткіл, жұртшылықтың қазір дәрігерлерге деген сенімі азайған дейді ақ халаттылар. Оған себеп не? Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке анықтап көрді.
Халық дәріхана сөрелерінде антибиотиктер, вирусқа қарсы препараттар жоқ деп дабыл қағуда. Аурудың клиникалық белгілері пайда бола салысымен, көпшілік өз бетімен емделуге кірісетінін, сала мамандары қынжыла айтады. Бұндай жағдайда учаскелік дәрігердің көмегіне жүгінген дұрыс. Олар талдама орталығы мен арнайы комиссия мүшелерінің дайындап берген хаттамасына сәйкес жұмыс жасайды дейді жоғары санаттағы дәрігерлер.
«Қазір учаскелік дәрігерлердің алдында хаттама жатыр. Хаттама бойынша арнайы талдама орталығы жасап берген мәліметтерге сүйене отырып, бір топ ғалымның, арнайы комиссияның берген ұсынысы сәйкес дәрігерлер жұмыс істейді. Өз бетімен ем тағайындап жатқан бірде-бір дәрігер жоқ. Сондықтан халыққа айтар едім, дәрігерлерге көбірек сену керек. Дәрігерге көмекке жүгіну керек. Дәрігердің берген ұсынысын ұстанып, емді жүргізген дұрыс», – деді С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулар кафедрасының оқытушысы, жоғары санаттағы дәрігер Күміскүл Умешева.
Денсаулық сақтау министрлігі жанынан түзілген талдама орталығының мәліметіне сүйенсек, коронавирусты инфекцияның тұмау ауруының белгілерінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Ол дене қызуының көтерілуі, тамақтың ауыруы, жөтелдің болуы, сүйектің сырқырауы сияқты көріністер. Дегенмен бұл індеттің өзіне тән ерекше бір белгілері бар. Ол – науқастың дәм, иіс сезбей қалуы және мазасыздық тануытуы.
«Біздің бақылауымызша, ерекше бір белгілер бар. 90 пайыздан жоғары науқастардың айтып жатқан шағымы – дәм сезбей қалуы, иіс сезбей қалуы және ерекше бір мазасызды белгілері арқылы коронавирус инфекциясына тән, басқа тұмау сияқты аурулардан ажыратып алуға болатын осы екі белгі», – деді С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулар кафедрасының оқытушысы, жоғары санаттағы дәрігер Күміскүл Умешева.
Бұл ретте отандық дәрігерлер халықты дер кезінде емделуге, учаскелік дәрігерге уақытылы қаралуға шақырып, әр азаматтың өз денсауылығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін еске салады.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы