Жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайы тыныс алудың жетіспеушілігі мен ілеспе аурулардан өршіген
Маңғыстау облысында 11 қазан күнгі жағдай бойынша, коронавирус инфекциясымен стационарда жатқан науқастардың саны – 57, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қоғамдық коммуникация орталығының ақпаратына сәйкес, 57 науқастың 49-ы ауруханаға – коронавирустық пневмония, 8-і COVID-19 диагнозымен жатқызылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жансақтау бөлімінде 5 науқас жатыр. Оның ішінде 3-еуі – ауыр, 2-еуі – өте ауыр жағдайда. Жансақтау бөліміндегі науқастардың жағдайы тыныс алудың жетіспеушілігі мен ілеспе аурулардан өршіген.
Айта кетейік, облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны 43-ке дейін көбейтілді.
Коронавирустың жоқтығын растайтын анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған Ақтау қаласында – 15, Жаңаөзен қаласында – 100, Қарақия ауданында – 10, Бейнеу ауданында 10 төсек-орынды карантиндік стационарлар ашылды.