Бүгінде Алматы қаласының жұқпалы аурулар ауруханаларында 5 963 адам жатыр, оның ішінде 195 бала. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мегаполистің Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спикердің айтуынша, 15 тамызда қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 517 науқас (жергілікті) тіркелді, оның ішінде 1 429-да симптомды және 88-і симптомсыз. 944 адам емделіп шықты, 651 сырқат түсті. Бүгінде қолданыстағы инфекциялық төсек-орындар 63%-ға жетті.
«АМСК және Телемедицина орталығының мобильді топтары 13 221 пациентті үйде бақылауда, олардың жеңіл және орташа ауыр дәрежедегісі - 12 685, симптомсыз - 535 адам», – деді Н. Табынбаев.
Ол, сондай-ақ, биыл 16 тамызындағы жағдай бойынша 817 196 адамға КВИ вакцинасының 1-компоненті, ал 643 514 алматылыққа 2-компонент салынғанын айтты. Өткен тәулікте 1-компонентті 5 396 адам, 2-компонентті 5 273 адам алды.
Спикер КВИ-мен ауыратын балалар саны арта түскенін айтты. Қазір 195 бала ауруханада, 2 540-ы үй жағдайында емделіп жатыр.
«Үшінші толқын өршіп тұрған кезде Алматы ауруханалардағы балалар саны 30-40-тан аспайтын. Штаммның қазіргі түрімен балалар жиі аурып жатыр. Өткен аптада балалардың арасында жұқтыру тіпті өршіп кетті. Стационарларда 245 науқас бала болды. Өкінішке қарай, қайғылы жағдай да орын алды, 1 айлық нәресте қайтыс болды. Коронавирустың жаңа штаммы өте қауіпті әрі жұқпалы, балалар оны тез жұқтырады», – деді Алматы ҚДБ басшысы.
Н. Табынбаев Алматыға жеткізілген Vero Cell вакцинасы туралы да айтты.
«Бұл препаратты қытайлық Sinopharm компаниясы шығарған. Бұл көптеген вакцина сияқты инактивті. Көрсеткіштері, қарсы көрсеткіштері бірдей. Вакцинаның тиімділігі 72% деңгейде анықталады. Ол екі дозалы, екінші компонент біріншісінен 21 күн өткен соң салынады. Елеулі өзгерістер тіркелмеген. Ауырсыну, әлсіздік, ұйқы басуы болуы мүмкін. Vero Cell вакцинасының кері әсері жоқ және пайдалы. Алматыда үлкен сұраныс ие болып отыр. Өткен тәулікте осы вакцинаны 270 адам алды, қаладағы СОСО-да бұл препаратқа сұраныс жоғары», – деді Н. Табынбаев.