Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын
Күз мезгілінде ел ішінде тұмау дерті өршитіні белгілі. Оған биыл коронавирус індеті қосылып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Көпбейінді медициналық орталығының дәрігер-инфекционисі Эльмира Әбішева COVID-19 бен тұмаудың айырмашылығы жайлы және олардан қалай сақтануға болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Әбішеваның айтуынша, науқас коронавирусқа қарағанда тұмаудан тез жазылады. Айналдырған үш-бес күннің ішінде сауығып шығуы мүмкін. Ал COVID-19 инфекциясы кезінде адам күн өткен сайын әлсірей береді.
«Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл коронавирустың белгілері», – деп түсіндірді инфекционист.
Дәрігер адам коронавирус пен тұмауды қатар жұқтыруы мүмкін бе, жоқ па, ол әзірге белгісіз екенін айтты. Тұмау маусымы енді басталғандықтан, мұндай деректер тіркелмеген.
Елордалық дәрігер салқын тиіп, аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, бірден учаскелік дәрігерге хабарлауға кеңес берді.
«Тұмау мен коронавирустың симптомдары ұқсас болғандықтан, ауруды ажырату қиын. Егер адам өзін әлсіз сезініп, дене қызуы көтерілсе, бірінші кезекте, учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Олар ауру белгілері негізінде қандай анализ тапсырып, қандай дәрі ішу керектігін түсіндіреді. Бірақ, менің айтарым: көп су ішіңіздер. Қонаққа бармаңыздар, барынша оқшауланыңыздар», – деді инфекционист.
Ол дәрігердің нұсқауынсыз өз бетінше дәрі ішпеуге шақырды. Айтуынша, науқастардың дені үйде емделемін деп ауруын асқындырып алады.
Әбішева тұмау кезінде антибиотиктер көмектеспейтінін, вирусқа қарсы препараттарды қолдану қажет екенін атап өтті.
Дәрігер қазақстандықтардан жеке бас тазалығын сақтап, маска киіп, ара қашықтықты сақтауды сұрады.