Covid19live.kz қосымшасы вирус жұқтырған адамның қайда екенін көрсетеді – Баян Қоңырбаев

23.03.2020 22:13

Қосымшада коронавирус жұқтырған адамдар тұратын нүктелер көрсетілген

пресс-служба акимата г. Алматы

Қалалық әкімдікте өткен онлайн брифинг кезінде Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев коронавирус жұқтырған адамды тез анықтауға көмектесетін жаңа Covid19live.kz қосымшасының жұмысымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазақстанда коронавирустың таралуын бақылау және ескерту бойынша құрылған Covid19live.kz тегін сервисін отандық әзірлеушілер дайындап шықты.

Спикердің айтуынша, жаңа сервис нақты уақыт режимінде Қазақстанда COVID-19 коронавирусының таралу картасын бақылауға, ал ең бастысы – жұқтыру немесе жұқтырғандармен байланыс туралы хабарлауға мүмкіндік береді.  

«Қосымшада коронавирус жұқтырған адамдар анықталған нүктелер көрсетілген. Сол бойынша алматылықтар қалада ауырған қанша адамның барын және олардың қайда екенін көре алады», – дей келе, басқарма басшысы қазірдің өзінде бұл қосымшаны 43 мың адамның қолданатынын айтты.

Сервис мемлекеттік және орыс тілдерін қолдайды, сонымен қатар Android және iOS қондырғыларына қосымша жасалған.

Covid19live.kz бөлімдері:

– Қазақстан бойынша коронавирус таралуының онлайн картасы;

– вирустар мен оның таралуы, қорғану әдістері және өзекті жаңалықтар;

– жедел орталықтар мен ауруханалардың мекен-жайы көрсетілген бірыңғай терезе.

Сервисте қазақстандықтармен кері байланыс үшін екі маңызды функция бар:

1. «Мен жұқтырдым»: COVID-19 табылған пайдаланушы өзі байланыста болған және жұқтыруы ықтимал адамдарды, сондай-ақ жұқтырған бола отырып, барған орындарды атап, көрсете алады.

2. «Мен жұқтырғандармен байланыста болдым»: егер жұқтырғандармен бірдей рейспен ұшып келсе немесе оның қарым-қатынас шеңберінен біреу жұқтырғанына сенімді болса, пайдаланушы пікір қалдыра алады.

Ескерте кетер жағдай, осы функциялардың көмегімен алынған мәліметтер түгел жасырын болады және тек денсаулық сақтау органдарының қызметкерлеріне ғана қолжетімді.

Алынған ақпаратты пайдалана отырып, мамандар коронавирусқа күдікті адамдармен хабарласып, картада жұқтыру ошағын белгілей алады, ал азаматтар сол қауіпті ошақтардан өзін сақтай алады.

Әзірлеушілердің айтуынша, сервистің басты мақсаты – коронавирус туралы хабарды жедел түрде жеткізу және оның таралуының алдын алуда адамдардың саналы түрде әрекет етуін қамтамасыз ету дейді.

Қосымшаны жасаушылар барлық қазақстандықтарды әлеуметтік жауапкершілікке шақырып, Covid19live.kz сервисін тарату мониторингі үшін ғана емес, сонымен қатар құзыретті органдарды уақытылы хабардар ету үшін де белсенді пайдалануларын сұрайды.

Covid19live.kz  сервисі VLIFE жобасының бағдарламашыларымен Алматы әкімдігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және «Медикер Алатау» медициналық компаниясының қолдауымен құрылды.