Birgemiz: Алматыда ардагерлерге дезинфекциялық заттар таратылды

25.03.2020 23:21

Nur Otan партиясы өкілдері Алмалы ауданының ардагерлеріне барды

Фото: nurotan.kz

Алматыда «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы жалғасуда. Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға күнделікті көмек беріп жүрген Nur Otan  партиясы өкілдері бүгін Алмалы ауданында тұратын Ұлы отан соғысы мен тыл ардагерлеріне барды. Қалада жарияланған карантинге байланысты ардақты ақсақалдарға бүгінгі күннің ең қажетті дезинфекциялық заттары  таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Nur Otan  партиясы Алмалы аудандық филиалының саяси кеңес мүшелері де осы шарадан сырт қалмай қатысып жатырмыз. Алмалы ауданы бойынша 200-ге жуық отбасыға көмектестік. Мұндай шара күнде жүргізіліп жатыр», – деді Nur Оtan партиясы алмалы аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Абдулхалил ДОЛКУНТАЙ.  

Жанұзақ Мырзабеков – тыл ардагері. Жасы 86-да. Балалық шағы соғыстың зұлмат заманына тап болып, ес білгелі еңбек етіп келеді. Жасы біразға келсе де, қоғамдық жұмыстардан шет қалған емес. Қазір аудандық ардагерлер кеңесінде қызмет етеді. Жастар вирусқа қарсы арнайы қажетті құралдармен қамтамасыз етіп жатқанына дән риза.  

«Біздей кәрілерді еске алып, осындай сыйлық жасап жатқандары үшін Nur Оtan партиясына көптен-көп рақмет. Еліміз аман, ел іргесі берік, тыныштық заман болсын», – дейді тыл ардагері Жанұзақ МЫРЗАБЕКОВ.

Зоя Глазчева үшін де бүгінгі сыйлық таптырмас дүние болды. Себебі, қауіпті індет жайлаған уақытта антисептик құралдарының тез таусылып қалатыны белгілі. Мұндай дүниелерді дәріханадан алу жасы егде тартқан әжейге оңай соғып отырған жоқ.

«Көрсетіп жатқан көмектеріңіз бен сыйлықтарыңызға мың алғыс. Мен де кезінде осындай қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, ерікті болғанмын. Сол еңбегімнің жемісін қартайған шағымда көріп жатырмын. Бақыт деген осы болса керек. Еліміздің қауіпті індетті аман-есен жеңуіне тілектеспін», – дейді  тыл ардагері Зоя ГЛАЗЧЕВА.  

Бүгінде Алмалы ауданы бойынша 43 Ұлы Отан соғысы ардагері, 3800 мүмкіндігі шектеулі жан және екі мыңнан астам аз қамтылған отбасы тіркелген. Акция аясында қоғам белсенділері көмекке мұқтаж барлық жандарды қамтымақ.

Ұлағат Арғынұлы, «Алматы» телеарнасы