Елде коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі үйде ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау Министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі.
Олардың айтуынша, қазір алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан індетке шалдыққандардың 90 пайызы амбулаторлық деңгейде емделіп жатыр. Ауылдық жерлерде 1000-нан астам мобильді бригада қызметке жұмылдырылған. Соңғы 6 айда ең көп шақырту Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында тіркеліпті.
«20 шілдедегі жағдай бойынша жедел жәрдем шақыру 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан. Жедел медициналық жәрдем көрсету үшін 2 254 медициналық автокөлік, 33 әуе көлігі, оның ішінде 20 ұшақ пен 13 тікұшақ бар. Сондай-ақ 1 484 жедел медицналық жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді», – деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйым Біржанова.