Қала әкімі індетке шалдыққандардың дені отызға толмаған жастар екенін атап өтті
Нұр-Сұлтан қаласында қауіпті індет жұқтырған он төрт адам жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv sputniknews.kz cайтына сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта бізде 14 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Сегізі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер оларды аман алып қалу үшін бар күш-жігерін салуда», - деді Көлгінов онлайн брифингте.
Айтуынша, елордада коронавирус жұқтырған 1 686 науқас
тіркелген, олардың 51-і емделіп шықты. Бес адам қайтыс болды.
Қала басшысы індетке шалдыққандардың дені отызға толмаған жастар екенін атап
өтті.
«Қазір күнделікті өсім статистикасы 2-ден 4 процентке дейін болып отыр. Науқастардың 40%-і – 30 жасқа дейінгі жастар, ал 35%-і – 30-дан 50 жасқа дейінгі адамдар. Яғни, осы статистикаға жүгінсек, вирус, негізінен, үлкендерге, зейнеткерлерге немесе бұрыннан ауруы бар адамдарға жұғады деген сөз расталмады. Тәжірибе көрсеткендей, коронавирус жас талғамайды», - деді елорда әкімі.
Көлгінов қаланың жасын да, кәрісін де қауіпті вирустан сақтануға шақырды.