Алматының Әуезов ауданында дезинфекция жұмыстары жүргізілді

25.03.2020 22:56

Дезинфекция жүргізілгеннен кейін тұрғындарға 5 сағат бойы үйден шықпауға кеңес берілді

Almaty.tv

Бүгіннен бастап қаладағы залалсыздандыру шаралары күшейе түсті. Арнайы жасақталған 32 бригада көпқабатты тұрғын үйлер мен аулаларды, балалар алаңдарын дезинфекциялауды жаппай бастап кетті. Тазалық жұмыстары жүргізілмес бұрын дауыс ұлғайтқыш құрал арқылы тұрғындарға ескерту жасалып, подъездердегі арба, велосипед сияқты заттарды уақытша пәтерге кіргізе тұру қажеттігі хабарланды.

Бұған дейін үйлердің подъездерін арнайы сұйықтықтармен тазалау міндеті Пәтер иелері кооперативтеріне жүктелген еді. Енді қала басшылығы бұл жұмыстарды өз қолына алып, жаппай залалсыздандыру шараларына кірісті.

«Бүгін кешке дейін біз қаланың 33%-ын қамтуға біз дайын тұрмыз. Яғни, үш күннен зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бірінші күні - 33%, екінші күні - 33%, үшінші күні 33% аумақ қамтылады. Осылайша, қаланы 100%-ға қамтимыз деп отырмыз. Кестеге сәйкес, аптасына екі рет осындай жұмыс жүргізілетін болады», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан ОТЫНШИЕВ.

Мәселен, бүгін Әуезов ауданында 552 тұрғын үй мен 332 аулаға дезинфекция жасалды. Мұндай шаралар жүргізілгеннен кейін тұрғындар қатты қажеттілік туындамаса, 5 сағаттың ішінде далаға шықпауы керек. Енді келесі жолы жүргізілетін дезинфекциялық шаралар туралы ақпарат подъездерге ілініп, тұрғындарға алдын ала ескертілетін болады.

Жалпы, Әуезов ауданы қаладағы көпқабатты үйлер көп орналасқан аумақтың бірі саналады. Ауданда барлығы 1737 көппәтерлі үй, 5 мың подъезд бен 700-ге жуық аула бар.  

«Әуезов ауданы бойынша бүгін залалсыздандыру жұмыстарына арнайы оқытылған 50 маман шықты. Оларға қажетті құралдар мен киімдер берілді. Тұрғын үйлердің кіреберістері, балалар алаңы түрлі вирустар мен бактерияға қарсы қолданылатын сұйықтықпен шайылды», – деді Алматы қаласы әуезов аудандық әкімшіліктің бөлім басшысы Олжас МҰХАМЕДЖАНОВ.

Мамандар тұрғындарды мұндай тазалық жұмыстарына түсіністікпен қарап, дезинфекция жүргізіліп болғаннан кейін кемінде 5 сағат үйден  шықпауға кеңес береді.

Жалпы, қалада 8,5 мыңға (8494) жуық тұрғын үй бар. Оның барлығын вирустан тазарту үшін 300 жұмысшы тартылған.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы