Қаланың бас санитар дәрігері үй карантинінде жатқандардың мамандар бақылауында екенін айтты
Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында мегаполистегі қазіргі эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша 814 жағдай тіркеліп отыр. Өткен тәулік бойы тағы да қосымша 31 жағдай қосылды. Сондықтан бір күннің ішінде 4 пайызға өскен. Аптаның басында осы көрсеткіш 15,6 пайыз болды. Соған байланысты біз жүргізіп отырған алдын алу шараларын күшейтудеміз. Вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды анықтау үстіндеміз», - деді қалалық бас санитар.
Жандарбек Бекшин сондай-ақ, қауіпті вирусты анықтау үшін бірнеше әдіс қолданып жатқанын атап өтті.
«Оның біріншісі - ПТР диагностика арқылы. Осы әдіс бойынша 39 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Екіншісі экспресс-диагностика. Бұл әдіспен 19,5 мыңнан астам зерттеу жасалды. Осындай заманауи әдістер біздерге үлкен көмек беріп жатыр», - деді Ж. Бекшин.
Сонымен қатар, қалада дезинфекция шаралары қызу жүргізіліп жатқанын айтқан бас санитар дәрігер бұл жұмыстарға 458 адам жұмылдырылғанына тоқталды.
«Қала бойынша бір күннің ішінде 8 мыңнан астам кіреберістерге, 1300 үй алаңдарында дезинфекция жүргізілді. Сондай-ақ, 500 адам қорғаныс қызметінің адамдары көшелерді, аялдамаларды, қоғамдық орындарды залалсыздандыруда», - деді спикер.
Сонымен қатар, ол үй карантинінде жатқан адамдардың мамандар бақылауында екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта стационарда 1400 науқас, үй карантинінде 8590 адам жатыр. Барлығы медициналық бақылауда. Олардың ішінен коронавирус анықталған жоқ. Карантинді қатаң түрде сақтайтын болсақ, ауру тарамайтын болады», - деді Бекшин.