Ұмытылмас күн: Өкпесі 100% зақымданған науқас ауруханадан туған күнінде сауығып шықты

30.04.2021 23:14

Ол тура бір ай бойы ковидтен емделді

pharm.reviews

Статист маман Майра Құспанова бүгінгі туған күнін ұмыта алмас. Бұған дейін ол мұндай салтанатты құрметке ие болған жоқ шығар. Майра Құспанова өзінің туған күнінде Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан аман-есен шықты. Мұнда ол тура бір ай бойы ковидтен емделді, деп хабарлайды Almaty.tv.

1 сәуір Майра Құспанова ауруханаға өкпенің 100 пайыз зақымдануымен ауыр халде түскен. Ол үшін екі апта бойы дәрігерлер жансақтау бөлімінде күресіп, о дүниеден қайтарды деп айтуға келеді. Ол өкпені жасанды желдету аппараты мен Higt Flow-да бес күн, өкпені инвазивті емес желдету аппаратында үш күн жатты.

«Мен өз-өзіме келе алмай, тыныс алу аппаратында жатып, о дүниені көрдім десем болады», – деп бөлісті Майра Құспанова. - Ақ халатты абзал жандарға мың алғыс. Гүлнара Бердалина, Гүлмира Тойбаева, Жанат Абдымолдаева, Бактияр Бекішев, Айдан Нұрлыбек, барлық медбикелер, мейіргерлер, санитар қыздарға екінші өмірді сыйлағаны үшін көп рақмет... Ковидке әлі де сенбейтін адамдарға, вакцина салдыртып, күтім жасауды ұсынамын, денсаулыққа артық қауіп төндірудің қажеті жоқ.

Күнделікті емдеу барысын бас дәрігер Алмаз Джувашев бастаған аурухана меңгерушілері бақылап отырды.

«Пациенттің сауығуы түрлі мамандықтағы дәрігерлердің уақтылы көмегі, командалық жұмыс пен науқастың өзінің емделуге деген пейілінің нәтижесі», – дейді дәрігер Гүлмира Тойбаева. - Және ең бастысы реаниматологтардың арқасы. Олар адамдарды тірілтіп қана қоймай, оларға кейін де барынша қарайды.

Бүгін аурухана қызметкерлері дәлізге тізіліп тұрып, Майра Құспанованы үйге шығарып салды. Әрі оны туған күнімен құттықтады. Қорғаныс костюмдерінен олардың қуанышты жүздері көрінбейді. Сонда да әрбір пациенттің аман қалуы, сауығып кетуі - дәрігерлер үшін зор алғыс.