Ғалымдар коронавирусты 2 секундта жоюдың әдісін тапты

30.11.2021 02:03

Ол үшін Израильдегі Ариэль университетінің мамандары радиотолқындарды қолданған

alamy.com

Әлем ғалымдары коронавирусты 2 секундта жоюдың әдісін ойлап тапты. Ол үшін Израильдегі Ариэль университетінің мамандары радиотолқындарды қолданған. Қазір зерттеу нәтижелері COVID-19 вирусын 99 пайызға жоюға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Миллиметрлік радиотолқын, яғни, радиация медицинада кеңінен қолданылады. Негізінен, оны қатерлі ісік жасушаларымен күресу кезінде пайдаланады. Бүгінде ғалымдар дәл осы тәсіл арқылы коронавирустың титрін 2 секундта 99,8 пайызға төмендетуге болатынын дәлелдеді. Бірақ бұл әдісті ковид жұқтырған науқастарға қолдану зиян екен. Себебі радиация адам ағзасын улайды. Ғалымдар осылай пандемияны тоқтатудың түрлі амалын жасап жатқанымен, вирус мутациялануын тоқтатар емес. Жақында ғана өте қатты өзгеріске ұшыраған және әлдеқайда жұқпалы жаңа «омикрон» штамы пайда болды. Сары уайымға салатыны – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирусты әлі де зерттеп жатыр. Оның қауіптілігі туралы нақты мәлімет жоқ.   

«Жаңа штамда бізді қатты алаңдатып отырған 30-дан астам мутация бар. Ол адам ағзасындағы жасушалармен әрекеттесіп, инфекция тудырады. Қазір бұл вирусты жеңуге вакциналардың қауқары жете ме деген мәселе тұр», – деді Африка ғылыми-зерттеу институтының директоры Виллем Ханеком.

Ең біріншіден, Оңтүстік Африкадан анықталған «омикрон» штамы қазір бүкіл әлемге тарап үлгерді. Небәрі бір аптада бұл вирусқа шалдыққандар саны 3 есеге өсті. Ұлыбританиялық вирусологтардың пікірінше, жаңа штамм құрамында «альфа», «бетта», «гамма» және «дельта» секілді бұрынғы штамдар біріккен 50-ге жуық мутация анықталыпты. Ал оның симптомдары – қатты шаршау, жүректің жылдам соғуы және жоғары температура. Алайда дәм мен иіс сезу жоғалмайды екен. Ең қиыны, мамандар вирус қатты өзгеріске ұшырағандықтан, вакцинаның тиімділігі 40 пайызға төмендеп кетуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сондықтан Ұлыбритания, Ресей және Израиль мемлекеттері Оңтүстік Африкаға қатынайтын әуе рейстерін тоқтатып тастады.  

«Бүгінде Еуроодақ мутацияланған вирустың таралуын болдырмас үшін одаққа мүше барлық мемлекеттерге Оңтүстік Африкамен және жаңа штамм анықталған өзге де елдермен байланысты тоқтатуды ұсынып отыр. Аса қауіпті деп танылған вирустың бұл түрі толық зерттелмейінше, азаматтардың шетел асып шықпағаны дұрыс. Ал өз еліне кері қайтқандар бірден карантинге жабылуы қажет», – деді Еуропалық комиссия төрайымы Урсула Фон Дер Ляйен.

Одан бөлек, коронавируспен ауырған адамдар «омикрон» штамын жұқтыруға бейім келеді екен. Бұл туралы мәлімдеген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір сынама жұмыстары жүріп жатыр дейді. Тіпті, «Файзер», «Спутник V», «Модерна» вакциналарын шығарған алпауыт компаниялар енді жаңа штамға қарсы екпе өндіруге дайын екенін айтуда. Ал Қазақстанда бұл штамм әзірге тіркелген жоқ. Осы ретте Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов вирустың барлық штамына тек екпе ғана тиімді дейді.

«Дәл қазір Алматыда «омикрон» штамы тіркелген жоқ. Бірақ коронавирустың жаңа штамдары ауа тамшылары арқылы жұғатыны тәжрибеден белгілі. Демек, вирус елдер арасында тез таралады. Сондықтан халық жаппай вакциналанғаны дұрыс», – деді Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Бүгінде елімізде 8 млн 500 мыңнан аса халық вакцинаның толық курсынан өтті. Қазір Қазақстанда эпидахуал жақсарып келеді. Алматыда науқастар саны айтарлықтай азайды. Соңғы тәулікте 65 жағдай тіркелді.   

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы