Ғалымдар вирустың бұл түрі «дельта» штамын жойып жіберуі мүмкін дейді
«Омикрон» штамы коронавирусты қайта жұқтыру қаупін 3 есеге арттырады. Бұл туралы Африканың Эпидмодельдеу және талдау орталығы мен Ұлттық жұқпалы аурулар институтының ғалымдары мәлімдеп отыр. Ал бұған дейін ковидті жұқтырып жазылғандарда және екпе алған адамдарда вирустың түрлі мутациясына төтеп беретін иммунитет қалыптасатыны хабарланған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде «омикрон» штамы бүкіл Еуропаны жаулап алды. Қазірдің өзінде бұл вирус 23 мемлекетте тіркелген. Олардың қатарына Бразилия мен Оңтүстік Корея да еніп отыр. Ал ғалымдар жаңа штамм бойынша алғашқы мәлімдемелер жасай бастады. Мәселен бұл вирус «дельта» нұсқасын жойып жіберуі мүмкін дейді. Тіпті ол жылдам таралып, әлемде қоғамдық иммунитет қалыптастырып, пандемиядан тезірек құтылуға септесуі мүмкін екен. Өзгелері, «омикрон» 3 есе қауіпті екенін алға тартуда. Себебі оның құрамындағы әлі зерттелмеген мутациялар екпенің тиімділігін төмендетеді. Сондықтан Еуроодақ мүшелікке енген елдерге екпенің үшінші күшейткіш мөлшерін белсенді алуға шақырды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа вирустың қауіптілігі анықталмайынша, қатаң шараларды қабылдауға асығыстық танытпаған жөн дейді.
«Омикрон» штамы одан әрі тарай береді. Сондықтан қатты дүрлігудің қажеті жоқ. Қазір ол зерттеліп жатыр. Одан басқа, бізге белгілі қауіпті штамдар бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен қазір әлемдегі науқастардық басым көпшілігі «дельта» нұсқасымен сырқаттанған. Сондықтан халықаралық әуе рейстерін тоқтатып, шекараны жабудың еш қажеті жоқ. Себебі вирустың таралуын бұлай тоқтату тиімсіз болып қалды», – деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.
Бірақ бүгіннен бастап Қазақстан «омикронның» алдын алу мақсатында Мысырмен әуе байланысын тоқтатты. Қазір онда қалып қойған отандастарымызды елге қайтару үшін арнайы 7 рейс ұйымдастырылмақ. Ол 6 күн бойы, яғни 8 желтоқсанға дейін Шарм-эль-Шейх – Алматы, Шарм-эль-Шейх – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша қатынайтын болады. Бұл туралы «Эйр Астана» әуекомпаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді. Осы ретте мамандар «дельта» вирусы әлі де жаңа штамға қарағанда қауіпті болып тұр дейді. Себебі ковидке шалдыққандарда қант диабеті пайда болған. Коронавирус ұйқы безін қатты зақымдайды. Ең қауіптісі, бұл диагнозбен есепте тұрған науқастардың ковидті жұқтыруы қандағы глюкозаны төмендетіп, өлімге әкеп соғуы мүмкін екен.
«Ұйқы артерияларының тарылу стенозы бар науқастардың көбісі диабет ауруымен ауырған болатын. Олардың 30 пайыздан астамында диабет ауруы бар. Енді қазір түсіп жатқан науқастардың саны күрт азайды. Менің ойымша, коронавирус сол кісілерді о дүниеге алып кетті деген болжамым бар. Өйткені диабетпен ауырған, қосымша аурулары бар кісілер осы екі жылдың ішінде көптеп қайтыс болған еді», – деді Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханасы нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаев.
Бірақ қазір елде эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Науқастар саны күн санап азайып жатыр. Соңғы тәулікте республика бойынша індет 724 адамнан анықталды. Вакцинаның бірінші компонентімен 8 млн 760 мыңға жуық халық егіліп үлгерді. Павлодар облысы «сары аймаққа» енді. Қазір бір ғана өңір – Солтүстік Қазақстан облысы «қызыл аймақта» тұр.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы