Дәрігерлер өздері ауырып, сырқаттанса да, өзін, отбасын ысырып, ел денсаулығы үшін күн-түн демей қызмет етуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәуекел – ердің ісі болса, нағыз ерлікке барып, еңбек етіп жатқан бүгінгі күннің батырлары дәргерлер екені сөзсіз. Бүгінде қаладағы ауруханаларда жұмыс істейтін ақ халатты абзал жандардың жайы қалай?
Коронавирус белгісі қылаң бере бастағалы қоғамда дәрігерлердің мәртебесі күрт артты. Бар үміт ақ халатты абзал жандарға ауып, мұқым ел осы мамандық иелеріне телміре құлақ түрді. Әсіресе инфекционистердің бұрын біліне бермейтін жұмысы енді ғана танылғандай. Осындай сыни сәтте отбасы ошақасын кейін ысырып, халықты емдеуге бел буған талай дәрігерлер бүгінде арамызда күн-түн демей қызмет етуде. Бүгінгі күндегі батырлардың бірі – Салтанат Айбосынова. Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істейтін маман күнде басын қатерге тігетінін жақсы түсінеді.
«Карантин енгізілгелі бері біздің жұмысымыз үлкен жүктемемен жасалынып жатыр. Таңертең ерте келіп, кеш қайтамыз. Жұмысымыз ауыр науқастардан басталады. Пациенттерді қабылдаған кезде, әрине, өз өміріміз үшін қорқамыз. Бірақ үйде отырған біздің бала-шағамыз, туысымыз, жолдасым осы індетті індетті жеңіп, ертерек үйге оралуыма күш береді», – деді Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Салтанат АЙБОСЫНОВА.
«Елге қызмет етуге күш беретін отбасым» деген инфекционист қалыпты өмір салтына қайта оралатынына сенімді. Ал Қалалық балалар клиникалық жұқпалы ауруханалар ауруханасында жұмыс істейтін Гүланда Умирова – облыстың тұрғыны. Оның жанұясымен кездеспегеніне бір айға жуықтаған. Балаларын сағынғанда бейнежазба арқылы байланысып отырады. Ондай мүмкіндіктің барына да шүкір дейді дәрігер.
«Айталық, мен Қарасай ауданының тұрғынымын. Өз отбасымды, балаларымды көрмегеніме екі аптадан асып кетті. Ол моральдық тұрғыда, психологиялық тұрғыда бізге барлығымызға қиын. Бірақ осы мамандықты таңдағандықтан, біздің міндетіміз – «халыққа біз көмектеспегенде кім көмектеседі» деген ұран. Ең бірінші өзімізді емес, халықты ойлаймыз», – деді Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүланда УМИРОВА.
Балалар инфекционисі дәрігерлерге арнайы жасақталған қонақүйлердің бірінде тұрып жатыр. Айтуынша, індетпен алдыңғы шепте күресіп жатқан дәрігерлерге бар жағдай жасалған. Ақ халатты абзал жандар жұрт төніп тұрған тажал дерттің қаупін жете түсінсе дейді. Себебі коронавирусты жұқтырғандар көбейген сайын, дәрігерлерге түсетін жүк ауырлайды.
«Үйде денсаулығыңызға қарап, күтініп отырсаңыздар дейміз. Сонда ғана біз осы пандемияны жеңе аламыз. Тек қана бізге ғана байланысты емес, сіздерге де байланысты. Үйде отырып осы пандемияның, коронавирус инфекциясына жауапкершілікпен қарасаңыздар деген ұсыныс бар», – деді Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гүланда УМИРОВА.
Бүгінде қалалық балалар жұқпалы ауруханасында 30-ға жуық дәрігер болса, клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 40-тан астам маман қызмет етуде. Қазір осындай жанкешті жұмысты атқарып жүрген еліміздің 120 медициналық қызметкері коронавирусты жұқтырғаны белгілі болып отыр. Ал, індетті емдеу мен алдын алу үшін елімізде 16 мыңнан астам дәрігер тер төгуде. Қосымша резервте тағы 10 мың медицина өкілі бар. Егер жағдай ушығып, вирус өршитін болса елдегі барлық медицина мекемесіндегі дәрілерлер COVID-19 жұқтырған науқастарға көмекке тартылады.
Назкен Еркін, «Алматы» арнасы