Коронавируспен ауырып жазылған адамдар неге жиі шағымданады

10.09.2021 00:36

Жалпы адамның толық қалыпқа келуі 3 кезеңнен тұрады

Almaty.tv

Ентігу, иіс пен дәм сезбеу, шаш түсу мен ұйқысыздық. Коронавируспен ауырып жазылған адамның көбі осындай шағым айтады екен. COVID-19-дан болатын бұл белгілерден қалай айығуға болады? Ауруханадан шыққан соң науқас не істеп, қалай күтінуі керек? Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін мамандардан жауап алып көрген еді. 

Жалпы адамның толық қалыпқа келуі 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы екеуі стационарда және емханада алатын емі. Ауруханадан шыққан пациенттердің жай-күйін телемедицина орталығының мамандары бақылап отырады.

«Қашықтан аудио және видео хабарлар арқылы олардың жағдайын біліп отыру, ауырлық дәрежелерін бағалау, соның бәрін есепке алып, 14 күн бақылаймыз», – деді телемедицина орталығының дәрігер-консультанты Айбек Ермекбай.

2 кезеңді өткерген соң науқас денсаулық жағдайына қарай оңалту орталығына жіберіледі. Бұл сол ковидпен ауырған пациенттерді сауықтыратын мекеме. Қазір мұнда 100 адам жатыр. Соның бірі Анжелика Минаева сәуірде вирус жұқтырып, коронавируспен ауырған. Салдарынан соңғы 3 ай бойы иіс пен дәм сезуден қалыпты. Орталыққа келгелі жоғалған сезім мүшелері қалпына келген.  

«Мұнда біз шунгитті, тұзды, арома және фито терапиядан өтіп жатырмыз. Демалып, сауықтыратын түрлі бөлме бар. Коронавируспен ауырған соң жиі ентігетін болдым. Қазір жеңілдікті сезінемін», – деді қала тұрғыны Анжелика Минаева.

Тағы бір кейіпкеріміздің қан қысымы, вируспен ауырғаннан кейін тұрақсыз болып кеткен. Қаны қоюланып жүрекке қысым түсетін болыпты.

«Өзімнің қалалық 17 емханасынан жолдама алып, порталға тіркеліп келдім. Тұзды шахта керемет. Соны қабылдап жатырмын. Шунгит деген мына көмірді басып емделіп жатырмын. Массаж қабылдап жатырмыз», – деді қала тұрғыны Фарида Оразалиева.

Мұнда науқастар 14 күн ем алады. Әр терапия шамамен 15 минутқа созылады.

Адам ауырып, жазылып шықтым дегенімен оны ұзақ уақыт бойы ұйқысыздық, шаршаңқы күй, ентігу мен шаш түсу сияқты белгілер мазалауы мүмкін. Ковидтен кейінгі бұл синдромнан арылуға үш жыл керек дейді мамандар. Сондықтан үйде емделетін адамдар учаскелік дәрігер-пульмонологтың қарауында болуы керек.

«Бір рет өткеннен кейін мультидисциплинарлы топ бар. Мысалы адам емделіп шыққаннан кейін қолына бірден анықтамасын бермейміз. Себебі, алты айдан соң пациент қайта келуіне болады», – деді ШЖҚ «Каменское плато» фтизиопульмонология оңалту орталығы» КМК реабилитологы Омар Түленбеков. 

Оңалту орталығына қабылдау емханалар арқылы жүзеге асады. Пациенттер арнайы порталға тіркеледі. Қазір мұнда тіркелген адам саны көп және келіп жатқандардың басым бөлігі 35 пен 50 жас аралығындағы адамдар.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Сағынғали Мұңайтпасов «Алматы» телеарнасы