Алматыда карантин жеңілдеді: бассейндер өз жұмысын бастады

16.02.2021 00:38

Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес 15 ақпаннан бастап біраз бизнес субъектілерінің жұмысына рұқсат етілді

Almaty.tv

Бүгіннен бастап Алматыда карантин жеңілдеді. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес, енді тамақтану орындары түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс істеп, мәдени мекемелер 50-ге жуық көрерменді қабылдай алады. Сондай-ақ демалыс күндері базарлар ашық болмақ. Одан өзге шаһарда тағы қандай кәсіп нысандарының қызметіне рұқсат етілді? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Алматының коронавирустың таралуы бойынша жасыл аймаққа өтуіне байланысты шаһарда карантин талаптары жеңілдеді. Бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшиннің қаулысына сәйкес 15 ақпаннан бастап біраз бизнес субъектілерінің жұмысына рұқсат етілді. Бұл ахуал ақпан айының басынан бері вирусқа шалдыққандар санының 97-ден аспай, науқастар санының азаюына байланысты орын алып отыр. Санитар мамандардың айтуынша, жұқтыру жағдайы сирейтін болса, карантин шаралары жеңілдей бермек.

«Карантин талаптарын қатаң сақтау – вирустың таралуының алдын алу бойынша маңызды фактор. Сондай-ақ вакцинация жасау арқылы қоғамдық иммунитет қалыптастыруды көздеп отырмыз. Егер күніне науқастар саны 80-нен 40-қа дейін қысқаратын болса, карантинді жеңілдету бойынша шаралар қабылданатын болады», – деді қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

Атап айтсақ, базарлар демалыс күндері 30% толымдықпен ашық болады. Театрлар мен кинотеатрлар және моншалар, бассейн мен санаторийлер де өз қызметін жалғастыра алады. Мәдени нысандар мен концерт залдарының да есігі көрермендер үшін ашық болмақ. Сондай-ақ тамақтану орындары түн ортасына дейін жұмыс істейді. Тек, шот сағат 23:00-ге дейін жабылуы қажет. Пандемия кезінде біраз қиындыққа ұшыраған кәсіпкерлер карантиннің осылай жеңілдетілгенін құптап отыр.

«Өте жақсы жаңалық. Бұл жағдай жуырда елдегі қиын кезеңнің бітетінін, карантиннің аяқталатынын білдіреді. Бүкіл халық үшін үлкен үміт пайда болды. Пандемия кезінде барлық санитарлық талаптарды қатаң ұстандық. Енді бүгін жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзарса, алдағы уақытта барлығы өз орнына келеді деп сенеміз», – деді мейрамхана әкімшісі Нариман Магомедов.

Шаһар тұрғындары да карантиннің жеңілдетілгеніне қуанышты. Десе де әлі «арқаны кеңге салатын уақыт жеткен жоқ» дейді. Жергілікті халық әлі де сақтық шараларын естен шығармаған жөн екенін алға тартады.

«Жақындарым, туыстарым бұл жаңалықты естіп, қуанып отыр», – деді қала тұрғыны Джалал Кабиров.

«Әлі де болса вирусты жұқтыру қауіпі жоғары. Әсіресе, қарт адамдар үшін қауіпті», – деді қала тұрғыны Ксения Попкова.

Сондықтан қоғамдық орындарға барғанда, сақтық шараларын ұмытпағанымыз жөн.

Ал ойын-сауық мекемелерінің, оның ішінде банкет залдары мен бильярд, компьютер, түнгі және ойын клубтары мен караоке, букмекерлік кеңселердің қызметіне әлі де тыйым салынуда.

Аяулым Көлжігіт, Роман Нощенко, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы