Екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген
Коронавирустан қайтыс болған дәрігердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы беріледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте осындай тапсырма берді. Мемлекет басшысы індеттің екінші толқыны жағдайында негізгі соққыны тағы да медицина мамандары өздеріне алатынын, дәрі-дәрмек пен аппараттар емес, дәрігерлер біздің негізгі ресурстарымыз саналатынын айтты. Екінші жартыжылдықта төлемақыға 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Дегенмен төлемақы мен сақтандыру төлемін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер жасалып отырғанын сынға алды. Кеңесте кеңінен талқыланған келелі мәселелер жөнінде толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.
Президент коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте кеселдің бірінші толқынында кеткен кемшіліктерді тілге тиек етті. Енді жинақтаған тәжірибемен екінші толқынында есеңгіремей, еліміз есен-сау еңсеру керектігін айтты. Дертпен күресетін дәрігерлердің еңбегінің лайықты бағаланбағынын сынға алды.
«Жергілікті жерлерде төлемақы бойынша «цифрлармен ойын» жалғасып, оларды бөлудің әлі күнге дейін ашықтығы жоқ. Бұл жол беруге болмайтын ахуал. Бұған қоса, бас дәрігерлер жұмыс уақытын дәрігердің пайдасына емес түзетуге тырысады. Медицина қызметкерлері өздеріне тиесілі ақшаны өтініп сұрап алуға тиіс емес. Пандемия кезеңінде 2020 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болды. Қазір бұл істерді түрлі комиссиялар қарайды, жәрдемақы тек 37 отбасына төленді. Мүлдем қолайсыз жағдай. Постфактумның өлім себептерін анықтау көптеген қиындықтарды тудырады, соның ішінде этикалық. Осыған байланысты Үкіметке осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, қаза тапқан дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды төлеу тапсырылады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Коронавирус өршігенде оған қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын айтты Президент. Алайда тестілеу көлемінің төмендеуі үрдісі байқалған. Тәулігіне 40-тан 60 мыңға дейін зерттеу жүргізу мүмкіндігі болғанымен, орташа есеппен 18 мың зерттеу жасалуда. Зертханалардың жүктемесі 40 пайыз шамасында. Президент өңірлік бөліністе көлемді теңестіруге қол жеткізілмегенін ескертті. Ал, мемлекет басшысының айтуынша, зертхана желісі кеңейтіліп, барша әлемде тестілеу құны төмендегеніне қарамастан, елімізде тестілеу бағасы әлі де жоғары болып тұр.
«Сондай-ақ, қорғаныс маскаларына бағаның айтарлықтай төмендеуін қамтамасыз ету маңызды. Олардың бағасы басқа елдермен, атап айтқанда Ресеймен салыстырғанда әлі де жоғары. Үкімет маскаларға шекті бөлшек сауда бағасын 60 теңге шегінде бекітуді жоспарлап отыр. Ресейде, маған хабарлағандай, құны 20-дан 30 теңгеге дейін, яғни бағдар азаматтар үшін қолайлы. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне осындай бағалардың барабарлығына талдау жүргізуді және баға саясатының зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдары бөлігінде мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент дәрі-дәрмек тапшылығын болдуырмау керектігін де баса айтты. Екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылып, оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілгенмен, өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес деді.
«Маңғыстау және Алматы облыстарында емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екені анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Үшінші мәселе. Мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігі төмендеп барады. Әлеуметтік желілер арқылы түрлі жиын-тойларда түсірілген фотосуреттер таралуда. Мониторинг жүргізетін топтар тексерістерін азайтты. Бұл ретте, карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кетті. Әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандыруды тапсырамын. Ведомствоаралық комиссия осыны қатаң бақылауға алуға тиіс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстарының тежелгенін айыптады. Бұл мемлекеттік органдардың келісілмеген іс-әрекетін білдіреді деп бағалады.
«Бүгінде бірқатар тапсырманы орындау асыра сілтеушілік байқалады. Айталық, «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қоры» бойынша қылмыстық тергеуге байланысты денсаулық сақтауды цифрландыру іс жүзінде тоқырап қалды. Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің қылмыстық істі тергеу және сотқа дейінгі тексеруі аясында Денсаулық сақтаудың интеграциялық тұғырнамасына қандайда бір өзгертулер енгізуге бағытталған барлық іс-әрекет тоқтап тұр. Бұл мемлекеттік органдардың келісілмеген іс-әрекетін білдіреді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көтерген алтыншы мәселе – ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты болды. Ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кеткен. Былтырғы 8 айда 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда 131 әйел өмірден өткен. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артқан.
«Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек. Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ. Президент Әкімшілігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы әуежайлар мен темір жол вокзалдарында қатаң эпидемиологиялық бақылау енгізуді тапсырды. Стратегиялық нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігін айтты. Өңір әкімдеріне азық-түлік тауарларының қорын жеткілікті түрде қалыптастыру міндетін жүктеді. Бұл ретте құс тұмауының өршуіне жол берген Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алды. Ал, бидайдың жоғары түсіміне қол жеткізген шаруалар мемлекеттік наградаларға лайық деп, алғысын білдірді.
Асылбек Тойбек