Атырауда карантин талаптарын бұзғандар дронға түсіп қалды

10.08.2021 01:11

Тойхана мен үйдегі тойларды бітіріп, енді көпшілік демалыс базасына той жасауға көшкен

Аlmaty.tv

Эпидаухал күннен-күнге өршіп тұрса да, атыраулықтар той мен астан бас тартар емес. Соңғы апта нәтижесі бойынша мұнайлы өлкеде карантиндік шектеулерді бұзған 42 мекемеден түсініктеме алынып, акт толтырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тойхана мен үйдегі тойларды бітіріп, енді көпшілік демалыс базасына той жасауға көшкен. Жексенбіде мониторингтік топ мүшелеріне қалаға жақын жерде орналасқан демалыс базасында тойдың өтіп жатқаны туралы хабар келген. Анықталған нысанға кіру мүмкін болмағасын дрон көмегімен бақылап көрген. Карантин талаптарын бұзған нысанда көптеген көлік анықталып, 100-ге жуық адамның қатысуымен той өтіп жатқаны мәлім болды. Нәтижесінде демалыс базасының иесіне 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

«Кеше «Атамекен» демалыс орнында шара өтіп жатқаны туралы хабарлама түскен болатын. Сыртынан қараған кезде ештеңе көрінбеді. Дрон пайдаланып, қараған кезде анықтадық шараның өтіп жатқанын. Бірақ есіктерінің бәрін ішінен кілттеп алған. Иесімен хабарласып, содан кейін ішке кірдік. Кіргеннен кейін дәлелін тапты», – деді қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.