Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны үш есеге өсті: локдаун енгізілуі мүмкін

16.03.2021 00:50

Көктемдегі құбылмалы ауа райынан ағзаның иммундық жүйесі әлсірейді

Almaty.tv

Коронавирус жұқтыру дерегі бойынша Алматы бірінші орында тұр. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері мәлімдеді. Жандарбек Бекшин шаһар халқын осы кезеңде карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Себебі көктемдегі құбылмалы ауа райынан ағзаның иммундық жүйесі әлсірейді.

Қазіргі уақытта қаладағы күн сайынғы вирус жұқтыру қарқыны артып келеді. Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдары төмен ауа температурасы кезінде ағзаның вирус алдында әлсіз болатынын ескертуде. Сондықтан, халық көп жиналатын жерлерден аулақ болып, қоғамдық орындарда маска таққан жөн.

Синоптиктер апта соңына дейін Алматыда ауа температурасының төмендеуін болжап отыр. Ал, төмен температура жоғарғы тыныс жолдарының жергілікті қорғаныс факторларын әлсіретеді. Нәтижесінде  респираторлық инфекциясы бар адамдардың жиі ауруға шалдығуына әкеледі екен. Сондықтан мамандар тұрғындардан қоғамдық орындарға жиі бармауға кеңес береді.

«Бұл кезеңде организм әлсірейді, өйткені витамин тапшылығы пайда болады. Сондықтан біз адамдарға салауатты өмір салтын ұстануға, дәрумендерді қолдануға кеңес береміз. Егер адамның қандай да бір ауру белгілері болса, онда үйде қалып, дереу дәрігер шақыру керек», – деді Орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары міндетін атқарушы Эльвира Ибрагимова.

Шаһардың бас санитар дәрігерінің айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Бір күнде коронавирусқа шалдыққандардың саны 300-ден түспей тұр.

«3 наурыздан бастап қалада күрт аурушаңдықтың көтерілуі не байланысты. Мысалы, 3 наурызда 121 оқиға тіркелсе, міне өткен сенбі күні аурушаңдықтың деңгейі 360 оқиғаға дейін көтерілді. Сосын жексенбі күні бұл көрсеткіш 342-ге дейін төмендеді», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Ал, Алматы мектептерінде қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шаралары күшейтілді. Себебі балалар мен мектеп қызметкерлері арасында коронавирусты жұқтыру каупі өте жоғары. Мәселен, оқу жылының басынан бері Алматыда 900-ден астам оқушы коронавируспен ауырған.

«Қашықтан оқыту форматы біздің жағдайымызда өте қолайлы деп санаймын. Өйткені қазір ата-аналар осы форматқа бейімделіп, балалар жақсы жұмыс істеуде. Біз таңдаған жүйе – «Сфера» платформасы. Менің ойымша, онлайн формат біздің оқушыларымыздың оқу үлгеріміне әсер ете қойған жоқ», – деді №99 орта мектебінің директоры Айман Асанова.

Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин күнделікті ауруханаға коронавируспен түсетін науқастардың саны 300-ге жетсе шаһар локдаунға жабылатынын айтты. Бүгінде қалада 3400 төсек-орын бар. Сондай-ақ, резервте 7 мың орын дайын тұр.  

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы