Елімізде коронавирус екпесін алған қазақстандықтардың жалпы саны бүгінде 766 мың 614 адамға жетті
Елімізде коронавирус екпесін алған қазақстандықтардың жалпы саны бүгінде 766 мың 614 адамға жетті. Республика бойынша Алматы көш бастап тұр. Бүгінге дейін 150 мыңға жуық қала тұрғыны вакцина салдырып үлгерген. Шаһардағы вакцинациялау пункттерінде екпе салу қарқыны қалай жүргізіліп жатыр? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Бүгінде қала аумағында 203 вакцинациялау пункті жұмыс істеп тұр. Соның бірі – Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі. Нысан іші әдетте тыныш әрі келушілердің де қатары аз еді дейді мұражай қызметкерлері. Ал, қазір мұнда қарбалас. Құнды жәдігерлер тұратын негізгі дәліз екпе алаңына айналған. Осылайша келушілер қауіпті дерттен қорғанып қана қоймай, рухани азық алып қайтады.
«Күнде емханадан арнайы мұздатқышта салынған вакцина алып келеміз, кешке жұмыс кестесі біткен кезде қайтадан емханаға апарып сақтаймыз дозаны. Осы музейге жақын жерде тұратын қала тұрғындары мен 12 емханаға тіркелген адамдардың осында келіп екпе алуына мүмкіншіліктері бар», – деді №12 қалалық емхананың педиатр дәрігері Гаухар Байымбетова.
Одан бөлек, қала тұрғындарына ойын-сауық орталықтарына барып екпе алу үшін де жағдай жасалған. Бұл алматылықтарға ыңғайлы әрі уақытын үнемдейді. Ал, кезек электронды форматта жүйеленген. Арнайы талон алып, экранда көрсетілген нөмір арқылы екпе алатын бөлмеге бет алады. Вакцина қабылдап болған азаматтарға ыстық шәй мен тоқаштар ұсынылады. Сусынның түр-түрі тегін таратылады.
«Қазіргі жағдайды жеңу мақсатында міндетті түрде вакцина алу керек, сол себепті екпе салдыруға келдім. Жағдайым жақсы, өзімді тамаша сезініп тұрмын. Барлығына вакцина қабылдауға кеңес беремін», – деді қала тұрғыны Елена Владимирова.
«Көпшілікпен жұмыс істейміз және үйімізде бала-шағамыз бар. Солардың денсаулығына зиян келмеуі керек деген ойдамыз, біріншіден. Әрқашан халқымыздың, бәрінің амандығын ойлағанымыз дұрыс қой», – деді қала тұрғыны Шәмшия Әжібаева.
«Бүгін екпе салдыруға келдім. Себебі бұл өте маңызды. Өзімнің жалпы қауіпсіздігімді бірінші орынға қойдым. Әлі ешқандай симптомдар байқалып тұрған жоқ», – деді қала тұрғыны Александр Пускавитин.
Қала бойынша соңғы тәулікте 7 560 адам екпе салдыртқан. Осылайша вакцинацияланған алматылықтардың саны 149 699 адамға жетті. Оның ішінде 38 392-сі 60 жастан асқан азаматтар. Соңғы айда Телемедицина орталығына 4 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның көпшілігі вакцинаға қатысты сұрақтар дейді операторлар. Тұрғындар тарапынан күн санап екпеге қызығушылықтың артып жатқанын айтады.
«Тұрғындардың бізге қоятын сауалдарының көпшілігі: вакцинаның бірінші компонентін қаладағы емханалардың бірінен алсақ, екіншісін қайдан аламыз деген сұрақ. Екінші компонентін қай жерден алсаңыз да өз еркіңізде. Мысалға айталық, тұрғын біріншісін Бостандық ауданында алса, екіншісін Алмалы ауданындағы кез келген вакцинация пунктінен алуға мүмкіндік бар. Екпені салдырғаннан кейін, азаматтың ұялы телефонына екіншісін қай уақытта алу керектігі жөнінде СМС-хабарлама келеді», – деді Телемедицина орталығының аға дәрігері Нұр Қанибекұлы.
Бүгінде қалада 406 вакцинация бригадасы бар. Онда 1809 медицина қызметкері жұмыс істейді. Қаладағы екпе алу пункттерінің есігі таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін ашық.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы