Алматы қаласында вакцина алған қала тұрғындарының саны 428 532 адамға жетті
Алматыда коронавирус вакцинасын алғандар саны 428 мың 532 адамға жетті. Ал соңғы аптада вакцина алуға ниет білдірушілер қатары тіпті көбейген. Бұған себеп ‒ шаһарда коронавирустың үнді штаммының пайда болуы дейді дәрігерлер. Тек соңғы тәулікте мегаполис бойынша екпе алғандардың саны 6203 адам болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
48 жастағы Жанар Әкінқызы ғылыми қызметкер. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың әдеби-мемориалдық музей-кешенінде 20 жылдан бері жұмыс істейді. Онда адамдар көп келетіндіктен, отбасы мен өзгелердің қауіпсіздігі үшін COVID-19-ға қарсы екпе алғанын айтады.
«Осы маусым айында вакцинаның екі компонентін де толық алдым. Жағдайым жақсы. Осындай жабық аудиторияда болғанан кейін вакцина алуға тура келді. Біз музейге келушілермен көп жұмыс істейміз. Сол себепті вакцина алдым. Бүкіл қазақстандықтарды вакцина алуға шақырамын», ‒ деді С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтың Әдеби-мемориалдық музей-кешенінің ғылыми қызметкері Жанар Таева.
Дәл осылай соңғы аптада шаһарда екпе алуға ниет білдіргендер қатары біршама көбейген. Тек соңғы тәулікте 6 мыңнан аса алматылық вакцина салғызған. Оған себеп Алматыда үнділік «дельта» штаммының пайда болуы көптің үрейін тудырған көрінеді. Ал вакцина алуға келгендердің көпшілігі «HayatVac», «CoronaVac», «KazVac» пен «Спутник V» екпелерін таңдайды екен.
«Халық арасында қорқыныш бар. Вакциналаудан кейінгі болатын әсерлерге алаңдайды. Мысалы, «Спутник V» тірі вакцина болғандықтан оның температура беруі қалыпты. Бұл дегеніміз ‒ иммундық жүйе қалыптасып жатыр деген сөз. Біз пациенттерге оны түсіндіріп айтамыз. Қазір халықтың көзқарасы өзгерді. Себебі осы әлемде болып жатқан инфекциядан қанша мың адам зардап шекті ғой. Соған байланысты көп адам өз еркімен келіп вакцина алуда», ‒ деді №15 қалалық емхананың дәрігері Жансара Бабаева.
Орталыққа екпе алуға келгендер коронавирусқа қарсы екпе ‒ індетті жеңудің жалғыз жолы екенін айтады. Сондай-ақ, әлемді пандемия жайлаған уақытта қоғам игілігі үшін әрбір азамат жауапкершілік танытуы маңызды екенін де алға тартты.
«Отбасымда вакцинаны бірінші болып мен алып жатырмын. Бұл жұмысқа кіремін, сауда орталығына барамын, шетелге шығамын десеңіз кедергісіз жүре алатыныңызды білдіреді», ‒ деді қала тұрғыны Серік Қалиев.
Бүгінде жалпы шаһарда вакцина алған қала тұрғындарының саны 428 532 адамға жетті. Ал медициналық ұйымдар мен мектептерде, мәдениет пен спорттық нысандарда, базарларда және қаланың сауда орталықтарында 208 вакциналау пункті жұмыс істеп жатыр.
Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы