Жамбыл облысында 68 жүкті әйел және 100-ге жуық бала коронавирус жұқтырған
Жамбыл облысында 68 жүкті әйел және 100-ге жуық бала коронавирус жұқтырды. Ақмола облысында 162 медицина қызметкері қауіпті дертке шалдыққан. Ол туралы бүгін онлайн брифингте қос өңірдің әкімдері мәлімдеді. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында жедел жәрдем қызметіне жүгінушілер 15 пайызға артқан. Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек толығырақ айтып берсін.
Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар санының жартысына жуығы жұмыс істемейтін: зейнеткерлер, жұмыссыздар, жүкті әйелдер және балалар, дейді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев. Қазір өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 1 860 адамнан асты. Өткен тәулікте ғана 77 адамнан COVID-19 анықталыпты. Сондай-ақ, пневмониямен ауырып жатқандардың саны 869-ға жеткен.
«Қазір екі жақты өкпе ауруы да көбейіп кетті. Қазір біздің ауруханаларда 896 адам емделіп жатыр. Соның ішінде 732 науқас белгіленген ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Жалпы науқастарға көмектесу үшін 1855 төсек қорын жасақтадық. Оның ішіндегі инфекциялық төсек орындардың пайдаланылуы – 71 пайыз», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақмола облысында медицина ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ауруханада ем алушы 1177 адамның 38-нің жағдайы ауыр, 7 науқастың халі өте ауыр деп бағалап отыр дәрігерлер. Өңірде вирусты жұқтырғандар саны 4,5 есеге көбейген. Жақында қосымша 5 мың төсек-орны әзірленеді, дейді облыс әкімі Ермек Маржықбаев. Сондай-ақ, өңірде дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесі де өзекті.
«Соған қарамастан 413 дәрігер жетіспейді. Егер қосымша төсек орындар қойылса, 1 975 медицина кадры қажет болады. Оның 403-і дәрігер, 754 орта медициналық персонал, 818 кіші медицина қызметкерлері. Сіздер ауруханаларға жоспардан тыс артық салмақ түсіп жатқанын түсінетін шығарсыздар. Сондықтан айтарлықтай медицина қызметкерлеріне тапшылық туындап отыр. Бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев.
Ал, СҚО-да эпидемиологиялық жағдай күрделі. Жедел жәрдем шақыру көрсеткіші 15 пайызға артқан. Қазір облыста 31 жедел жәрдем бригадасы және созылмалы аурулар кезінде тағы 20 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Бетперде қоры 2 аптаға жетеді дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Өзге өңірлердегідей өкпені жасанды желдету аппараттары мұнда да жетпей жатыр.
«Індетке дейін облыста өкпені жасанды желдетудің 76 аппараты болды. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөліп, экспертті класқа жататын 5 аппарат алдық. Өткен аптада жергілікті бюджеттен тағы 400 млн теңге бөлдік. Ай соңына дейін өкпені жасанды желдетудің тағы 20 қондырғысы келуі керек», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Ал, Атырау облысы коронавирус жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы орында тұр. Қауіпті індетті Теңіз кеніші мен өзге де өндіріс орындарында көп тіркелген. Карантин енгізілгеніне қарамастан облыс тұрғындары той-томалақ, жиындарға баруды жалғастырғанның салдары індеттің етек жаюына ықпал етті деді аталған облыс әкімі. Ал, Алматы облысында 2 жарым мыңнан астам адамнан пневмания анықталған. Оның ішінде 86 адамның жағдайы ауыр. Коронавирус жұқтырғандардың ішінде облыс әкімі де бар. Амандық Батталовтың орынбасары Батыржан Байжұманов аймақ басшысы қазір елордада кардиологиялық орталықта ем қабылдап жатқанын жеткізді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы