Қарағанды фармацевтикалық кешені 90 мың доза коронавирус вакцинасын шығарады

Қарағанды фармацевтикалық кешені 90 мың доза коронавирус вакцинасын шығарады
Қазіргі уақытта екпенің негізгі бөлігі Ресейден 14 күн ішінде жеткізілуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды фармацевтикалық кешені ақпан айының соңына дейін коронавирусқа қарсы 90 мың доза вакцина шығаратын болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір отандық кәсіпорында Ресей елінің «Спутник-V» вакцинасын өндіру бойынша тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың сөзінше, халық үшін әлеуметтік маңызға ие жоба коммерциялық пайда түсірмейді. Түскен қаражат тек өндіріс шығынын ғана жабады. Бүгінде Қазақстандағы жалғыз биотехнологиялық препараттар дайындайтын компания Ресеймен келісімшартқа отырып, сол елден алынған субстанциядан КОВИД-19-ға қарсы вакцина жасақтауда. Дайын өнім екі елдің зертханаларында тексеріліп, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне өткізіледі.

«Біз вакцинаны жасауға қажет шикізатты Ресейден аламыз. Қажет субстанция салқындатылған күйде жеткізіледі. Тасымалдау кезінде рұқсат етілген температура 2-8 градус. Вакцинаны дайындауға қажет шикізатты өндіру уақытынан бастап, дайын екпені мұздатып, қатырғанға дейін мамандарда 2 апта ғана уақыт бар. Сондықтан, біздің кешен сол уақыт аралығында Ресейден биоматериалды ұшақпен немесе көлікпен тез жеткізуге тырысамыз. Кейін, дайын вакцина -20 градус болатын қоймаға орналастырылып, тұтынушыларға жеткізілуге әзірленеді», – деді ҚФК бас директоры Сергей Барон.

Қазіргі уақытта екпенің негізгі бөлігі Ресейден 14 күн ішінде жеткізілуде. Арнайы температурада тоңазытқыштарға салынған вакцина фармакологиялық тәртіп бойынша әкелінеді. Осылай, келісімшарт бойынша маусым айының соңына дейін елімізге ресейлік екпенің 2 миллион дозасы жеткізілмек. Кейін Қазақстандық «Спутник-V» вакцинасы қолданысқа еніп, халық үшін тегін болады.

«Термоконтейнерге қосымша салқындатқыш элемент салынады. Оған қосымша термологер салынады. Ол температураны бақылайды. -20 градус болуы керек. Егер одан өзгерсе температура вакцина қолданылмайды. Себебі ол жарамсыз болады», – деді ҚФК цех басшысы Аслан Шәуенов.

Новости партнеров