Емнің жалғыз әрі дәлелденген төте жолы – екпе екенін айтқан дәрігерлер, көпшілікті ұжымдық иммунитет қалыптастыруға шақырады
Қаладағы жекеменшік емханалар мен қонақ үйлер енді ковидқа шалдыққан науқастарды емдейтін стационар болып жасақталды. Бұл шаралар мегаполистегі эпидемиялогиялық ахуалдың күшеюіне байланысты жасалып жатыр. Емнің жалғыз әрі дәлелденген төте жолы – екпе екенін айтқан дәрігерлер, көпшілікті ұжымдық иммунитет қалыптастыруға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv
Әсия Бұхарбаева қала орталығында балмұздақ сатушысы болып жұмыс істейді. Күніне жүзге жуық тұтынушыға қызмет көрсетеді. Ауа температурасы көтеріліп, күн ысыса, олардың қатары тіпті көбейеді екен. Сол себепті, Әсия секілді қызмет көрсету саласындағы мамандарға екпе алу маңызды. Оның қажеттілігін бірінші болып түсінгенін айтады.
«Өзім Спутник V вакцинасының екі компонентін де алдым. Денсаулығыма ешқандай кері әсер еткен жоқ бәрі жақсы. Вакцина алудағы мақсатым – өзімнің денсаулығым үшін және қазіргі істеп жатқан қызметім үшін маңызды деп есептеймін. Барша тұрғындарды вакцина алуға шақырамын», – деді сатушы Әсия Бұхарова.
Алматыда бір тәулікте 7 638 адам ковидқа қарсы екпе салдырған. Осылайша жалпы вакциналанған қала халқы 787 мыңнан асты. Бұл қала халқының 40 пайзын құрайды. Қала бойынша қазір сауда орындары мен базарларда 160 вакцина пункті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, 234 жылжымалы бригада ұйымдастырылған. Егу пункттері сағат таңғы 8-ден кешкі жетіге дейін ашық.
«Екпе алғаннан кейін коронавирус жұқтырып жатқандар да бар. Оған себеп – ағзада антидененің жоқтығы. Ол ағзада вирусқа жауап ретінде 6 аптадан кейін ғана пайда болады. Сол себепті көпшіліктің вакцина алғаннан кейін маған вирус жұғуы мүмкін емес деген пікір қате», – деді №17 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Виктор Ким.
Қаладағы инфекциялық стационарларда 8 910 төсек орны бар. Қазір олардың 5 474-і бос емес. Ал, жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде 407 адам ем алып жатыр. Оның 228-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал, үй карантинінде жатқан 12 мыңға жуық науқас дәрігерлердің бақылауында.
Алматыда індет жұқтыратын қауіпті ошақтар белгілі болды. Соның бірі – адам көп шоғырланған қоғамдық көлікке мінгендерден жиі тіркеледі екен. Статистика бойынша олардың саны 16,8 пайыз. Осыған орай, көшелер мен саябақтарда маска режиміне бақылау одан әрі күшейтіледі дейді мамандар.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы