Шаһардағы 8 ауданда орналасқан барлық емханаға Covid-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасы жеткізілді
Алматыда коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын алғашқы болып қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин салдырды. Одан бөлек 250-ге жуық медицина қызметкеріне егілді. Жалпы шаһарда иммундау науқаны қалай жүзеге асуда? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Бүгін шаһардағы 8 ауданда орналасқан барлық емханаға Covid-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасы жеткізіліп, әуелі ақ халаттылар егілді. Еркін иммундау науқанына 250-ге жуық медицина қызметкерлері қатысты.
Коронавирусқа қарсы вакцина алатын адам ең алдымен дәрігердің толық тексеруінен өтуі қажет. Ол үшін мына бөлмеде дене қызуы өлшеніп, түрлі ауру белгілерінің бар-жоғы анықталады. Егер бәрі жақсы болса, егу бөлмесіне жіберіліп, «Спутник V» вакцинасы салынады. Кейін арнайы жасақталған бөлмеге орналастырылып, онда екпе алған адамды дәрігер жарты сағат бйы қатаң қадағалауда ұстайды.
«Арнайы температурада тоңазытқышта сақталынып тұрады. Бір флаконды аламыз. Оны бөлме температурасында ерітіп аламыз. Ол 3-5 минутта вакцина өзі ериді. Соны алып, 5 адамға бір флаконды толықтай саламыз», – деді қалалық №5 емхана бас дәрігерінің орынбасары Динара Әзімбеков.
Қалалық емханаларға жеткізілген вакциналарды егу процесі хаттамада көрсетілген талаптарға сай орындалды. Жаппай иммундау науқанына дәрігерлер мен мейірбикелер алдын ала дайындықтан өтіп, қазір қалада 16 вакцинация пункті жұмыс істеуде. Коронавирусқа қарсы екпені алуға алғашқы болып ниет білдірген қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров халықты иммундаудың маңыздылығын атап өтті.
«Дәрігерлерге алғыс білдіремін! Вакцина салғанда ешқандай ауыртпалық сезім болмады. Вакцинация – бұл пандемиямен күрестегі шешуші қадам деп есептеймін. Бүгін мен оның маңыздылығын, қауіпсіздігін көрсету үшін вакцинаны қабылдадым. Жақында өзіміздің отандық вакцина егуге дайын болады. Біз ғалымдарға сенеміз. Сондықтан мен қала тұрғындарына осы қадамды жасауға кеңес беремін», – деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Сондай-ақ, ерікті вакцинациялауға қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев та қатысып, екпенің қауіпсіз екенін алға тартты. Енді 26 ақпанға дейін отандық вакцинаны қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Ал, медицина қызметкерлерін екінші рет вакцинациялау 22 ақпанда басталмақ.
«Қазіргі уақытта тек үкіметаралық келісімдер шешіліп, Қазақстан вакцинаны шет елден сатып алды. Алдағы уақытта республикалық бюджет бойынша сатып алуға қатысты мәселелер шешілмейінше, вакциналар жеке тұлғаларға сатылмайды. Бүгіннен бастап қалада 16 вакцинация пункті бар және онда алдымен қауіп тобындағы адамдар егіледі», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Осылай ақпан айының соңына дейін 15 мың, ал наурыз айында 45 мың медицина қызметкері екпе салдырады. Келесі кезекте педагогтер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцинацияланса, кейін қауіп тобындағы немесе диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтарға егілмек. Жалпы шаһарға маусым айының соңына дейін 150 мың доза «Спутник V» вакцинасы әкелінеді деп күтілуде.
Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы