Кіреберісте тұрған антисептик құрылғы істен шыққан. Саудагерлердің ауыстырып киетін медициналық қолғабы мен бетпердесі жоқ. Бүгін Әуезов аудандық мобильді топ жүргізген рейд барысында тағы қандай олқылықтар анықталды? Енді оларға қандай жаза қолданылады? Тексеріс басталған екі апта ішінде санитарлық ережелерді сақтамаған қанша кәсіп жабылып қалды? Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Бүгін Әуезов аудандық мобильді топ тексеруді халық көп жиналатын асханалардан бастады. Кіргені сол еді, кемшіліктерді бірден көз шалды. Кіреберістегі антисептик құрылғы сынып қалған. Қолды залалсыздандыратын құралдың құрамында ненің бары белгісіз. Себебі жанында сапасын растайтын сертификаты жоқ.
Асханадағы тексерісті аяқтай сала, монитиринг жасайтын топ киім сататын базарға аттанды. Тексерушілерді күтпеген саудагерлер бетпердені мойындарына іліп қойыпты. Ал медициналық қолғапты мамандарды көрген соң жан таласа кие бастады. Мобильді топ санитарлық талапқа сай емес, оған қоса заңсыз сауда жасап тұрған келіншекті көріп шошыды.
Сусын сататын саудагер кішкентай аумақты жалға алғанын айтады. Ал базар әкімдігі, еш санитарлық талап сақталмаған сауда орны алынып тасталады деді.
Кейін мамандар қаладағы автобөлшектер сататын ірі сауда орталығына барды. Қуантарлығы, онда барлық талаптар сақталған. Бутикті жалға алушылар өз алдыларына санитайзер, қолданылған бетперде мен қолғапты тастайтын қорап дайындап қойыпты. Сондай-ақ, тазалыққа мән беру керектігі туралы парақты да ілген.
Мамандар Әуезов ауданында шағын және орта бизнес нысандарын күнделікті тексереді. Осы уақытқа дейін 200-ден астамын қарап шыққан. Нәтижесінде, талаптар сақталмаған 22 нысан жабылыпты. Енді олар олқылықтарды ретке келтірмейінше, ашылмайды.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы