Ержан Бабақұмаров ОҚКА-ның мәселесі бойынша аурухана ұжымымен бейнекездесу өткізді
Ержан Бабақұмаров ОҚКА-ның мәселесі бойынша аурухана ұжымымен бейне кездесу өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бейне кездесу режимінде Орталық қалалық клиникалық аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Жиынға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшылығы қатысты. Кездесуде Орталық қалалық клиникалық ауруханаға уақытша орналастырылған дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің мәселелерін шешу жолдары қарастырылды.
Бүгінде аурухана аумағындағы коронавирус инфекциясының ошағы ауыздықталып, бірінші және екінші деңгейде байланыс орнатқандар анықталған. Орталық қалалық клиникалық аурухананың басшысы міндетін атқарушы Марат Абдуллаев өткен тәулікте аурухана аумағындағы 316 тұлғадан талдаулар (анализ) екінші қайтара алынғанын мәлімдеді. Бүгін тағы 249 адам қайта тестілеуден өтеді. Сонымен бірге, аурухананың бас дәрігері осыған дейін айтылған ұсыныстардың ескерілгенін тілге тиек етті. Ең алдымен емханада антисептикалық және дезинфекциялық құралдар артып, тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапқан. Кездесуде офтальмология бөлімінің меңгерушісі Б. Жолдасов, травмотология бөлімінің меңгерушісі Б. Ерғалиев, физиотерапиялық бөлім меңгерушісі А. Төреқұлова, сонымен бірге, ҚазМҮББУ травмотология және ортопедия кафедрасының доценті К. Оразалиев пен «АГжПҒО» АҚ тәуелсіз директоры, азаматтық белсенді А. Әлжанова қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров COVID-19-ға тест дер кезінде алынып, оның нәтижесі әр адамға уақытылы берілу керектігінің маңыздылығын атап өтті. Нәтижесі теріс шыққан дәрігерлер мен медицина қызметкерлері арнайы дайындалған қонақ үй кешендеріне инкубациялық кезең аяқталғанға дейін карантинге жатқызылады.
«Аурухана қызметкерлерін қайта тексеру және сараптама нәтижелерін қолдарына беруге басымдық беріп отырмыз», – деп атап өтті Ержан Бабақұмаров. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне бірлесе отырып, аз уақыттың ішінде бұл жұмысты аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров медициналық жоғары оқу орындары басшыларының қатысуымен өткен кездесуде медициналық ұйымдарға бекітілген дәрігер-резиденттердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Бүгінде олардың арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары тіркелген. Аталған науқастар қазір инфекциялық стационарларда ем алуда. Бұл ретте науқастарға қолдау көрсету, соның ішінде психологиялық көмек беру жоғары оқу орындарының ректорларына табысталды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігі тапсырылды. Бүгінде аталған жұқтыру фактілері бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде.