Сондықтан, еркінсуге әлі ерте
Алматы «сары аймаққа» кірудің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан қаланың бас санитарлық дәрігері тұрғындарға карантин шараларын қатаң сақтау керектігін тағы еске салды. Ал, демалыс күндері карантин талаптары қалай жүзеге асады? Қаулыда өзгерістер болуы мүмкін бе? Толығырақ Almaty.tv тілшісінің материалында
Алматы қаласының бас санитар дәрігері шаһардағы эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісіп тұрғандығын айтты. Бекітілген ереже еленбесе, жағдай ушығуы әбден мүмкін. Сондықтан қаладағы тексеріс жұмыстары күшейтілмек. Себебі тәулігіне 14-тен 27-ге дейін құқық бұзушылық анықталады. Осы уақытқа дейін алматылықтарға карантин шараларын бұзғаны үшін 56 миллион теңгеден астам айыпұл салынған. Жандарбек Бекшин алдағы демалыс және мереке күндері маска тағу, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, адам көп шоғырланған жерлерге бармау керек дейді.
«Матрица бойынша, біз бір айдың арасында жасыл аймақ пен сары аймақтың шекарасында жүрміз. Бұл жағдайды жақсарту үшін, тұрақтандыру үшін бізге баршамызға біздің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауымыз қажет»,– деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.
Адам көп шоғырланған жерлерде инфекцияның симптомсыз түрі бар науқастар болуы мүмкін дейді мамандар. Өйткені, ресми мәліметтерге сүйенсек, індетті жұқтыру жағдайының 43% – дан астамы дәл осы қоғамдық орындарда болады. Сондықтан, еркінсуге әлі ерте. Қала тұрғындары жауапкершілік танытса ғана, қалыпты өмірге тезірек оралуға мүмкіндік бар.
БЛИЦ:
- Айтқан талапты орындасақ, соғұрылым ауру аз болады. Өзімізге пайдалы ғой енді.
- Коронавирустың өршуіне байланысты, әрине, міндетті түрде шараларды сақтау керек. Өз-өзін қорғау, яғни, міндетті түрде маска тағып жүру керек қоғамдық орындарда адам көп шоғырланғандықтан.
- Осындай кезде, негізі, жалпы үйде отыру керек, көпшілік жерге бармау керек.
Айта кетейік, Алматы қаласында жыл басынан бері 6252 адамнан коронавирус анықталған. Ал кеше, 25-ші ақпанда 110 жағдай тіркеліпті.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы «Алматы» телеарнасы