Егер дәрігер баланың жағдайын жақсы деп бағаласа, бала егу бөлмесіне жіберіліп, манту сынамасы жасалады
Мектеп оқушыларына ПТР-тест тапсыру міндеттелмейді. Кезекші сыныпқа баратын балаларды коронавирусқа тексерілуге қажет жағдайда ғана учаскелік дәрігер жолдайтын болады. Сонымен қатар, 1-сынып балаларына манту екпесін салу да жоспарлы түрде өтуде. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатып айтады.
Бүгіннен бастап Алматы қаласының барлық мектептерінде 1-сынып оқушыларын медициналық бақылаудан өткізіп, манту екпесін салу басталды. Мұндағы басты талап – оқу ордасына алғаш рет ата-аналарымен келген балалар арақашықтық сақтап, кезекте тұруы тиіс. Тек ата-аналарға мектеп ішіне кіруге рұқсат етілмейді. Мұғалімдер балаларды қолдарынан жетектеп, дәрігер бөлмесіне алып барады. Егер дәрігер баланың жағдайын жақсы деп бағаласа, бала егу бөлмесіне жіберіліп, манту сынамасы жасалады. Үш күннің ішінде манту сынамасы теріс нәтижие көрсеткен жағдайда, туберкулезға қарсы вакцина егіледі.
Осылай пандемияға қарамастан, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балаларда туберкулездің бар-жоғын анықтау мақсатындағы профилактикалық жұмыс жылдағы дәстүр бойынша жалғасуда. Дәрігерлер әдеттегідей мектепке келіп, кезекші сыныптар мен қашықта оқитын балаларды жинап, денсаулығын түгел тексерді. Ең бастысы, ата-аналарға балаларының ПТР тест нәтижиесі қажет еместігі түсіндірілді.
«Мектепке жаңадан келген бастауыш сынып оқушылары ПТР тесттін тапсырмайды және талап етілмейді. Ал, қажет жағдайда оқушыларға коронавирусқа талдама емханаларда тегін жасалады. Сондай-ақ, ол аяғы ауыр келіншектер мен стационарда ем алушыларға және ковидке күдіктілерге де тегін. Ал, бүгін 1-сынып оқушыларының денсаулығын тексерудеміз. Әрине, ата-аналардың рұқсатымен», – деді № 11 қалалық емхананың мектеп оқушыларының денсаулығын қорғау орталығының жетекшісі Әлия Сауқымбекова.
Ал, бүлдіршіндерін оқу ордасына алғаш алып келген ата-аналар ешқандай екпе мен вакцинаның бала денсаулығына зияны жоқ екенін айтады.
«Қарсы емеспін мантуға, ешқандай вакцинаға. Баланың алғаны дұрыс. Енді қазір кішкентай балалар көп ауыра бермейді. Естуіміз бойынша, осы коронавируспен көп аурмайды деп жатады. Сондықтан, ПТР тапсырмағанымыз да дұрыс шығар деп ойлаймын», – деді ата-ана Гауһар Танеркасенова.
Жалпы мектеп қызметкерлері санитариялық талаптарды қатаң қадағалайды. Үзіліс уақытында балаларға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді, сынып бөлмелері ылғалды тазартылып, сәулелендіріліп, жиі желдетіледі. Сондай-ақ, білім ордасындағы барлық 1716 бала интернетке қосылатын сим-карталар және ноутбуктермен түгел қамтылыпты.
«Балаларды қабылдаған кезде дене қызуын тексеріп қабылдаймыз. Дене қызуы көтеріңкі болған жағдайда, бала үйіне қайтарылады. Ал, ПТР тестті мұғалім де, бала да өз қалауымен тапсырады. Тапсыруды міндеттемейміз. Жалпы, мектепте 6 кезекші сынып бар, әр сыныпта 15 баладан 90 оқушы бар», – деді №87 жалпы білім беретін мектеп директоры Ұлар Мылтықбаева.
Ал, карантин кезінде кезекші сыныпқа іліккен бастауыш білімгерлері алғашқы әріпті мектеп қабырғасында танитынына қуанышты.
«Мен бірінші сыныпқа келдім. Дәрігер бәрін дұрыс деп айтты. Мен сабақты жақсы оқимын. Маған екпе салды бүгін. Рахмет айтамын. Ауырмаңыздар, дендеріңіз сау болсын!» – деді №87 жалпы білім беретін мектептің 1 сынып оқушысы Еркежан Бати.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы