Мегаполистің «қызыл аймақта» тұрғанына 2 аптадан асса да, күнделікті індет жұқтыратындардың саны азаймай тұр
Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. Мегаполистің «қызыл аймақта» тұрғанына 2 аптадан асса да, күнделікті індет жұқтыратындардың саны азаймай тұр. Қазірдің өзінде ақ халаттылар жансақтау бөлімінде жатқан 100-ден аса науқастың өмірі үшін арпаласып жатыр. Ал, ел бойынша күн сайын шамамен мың қазақстандық вирусқа шалдығады. Бұл тізімде Алматы көш бастап тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі кезде жедел-жәрдем қызметіне де артылатын жүк ауырлай түскен. Мәселен, күз-қыс айларымен салыстырғанда қазір ауруханаға коронавируспен түсетіндердің саны екі есеге артқан. Ал, мамандар індеттің кез келген белгілерін байқаған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгінуді сұрайды.
«Қазір ауыр жағдайда, ауыр кезеңде жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі кезде халыққа айтар сөзім, дәрігер ретінде, мына біздің, дәрігердің сөзін уақытылы жасап, адамдар жиналатын жерге жиналмай, бармаса, сол індетті тоқтатуға септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді № 36 қалалық емханасы мобильді бригадасының жауапты дәрігері Ілияс Сағиев.
Осы орайда елдегі эпидахуалды жақсарту үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық қоғамдық бақылау арасында меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім нәтижесінде еріктілер мен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығая түспек. Сондай-ақ, медициналық мекемелерде атқарылып жатқан жұмыстар жіті бақылауда болады.
«Біздің әр қалада үйлестірушіміз бар. Олар болып жатқан жағдайды бақылап, келіп түскен шағымдарды қарастырып отырады. Мәселеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қатысу керек болса, оларға да хабар береміз», – деді республикалық қоғамдық бақылаудың үйлестірушісі Саида Тәукелова.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың үштен бір бөлігі вирусты жақындарына жұқтырады екен. Әйтсе де жасыратыны жоқ, карантин талаптарына салғырт қарайтынтар да бар. Дегенмен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін тұрғындар да аз емес.
БЛИЦ:
- «Сақтанғанды Құдай да сақтайды» дейді. Ал, енді мынандай жағдайда әркімнің міндеті сақтану.
- Масканы әрбір жерде киіп жүрі керек. Бұл біздің ғана емес, әке-шешеміздің денсаулығы. Соны сақтау керек.
- Масканы киіп жүрсе, әркім өзіне жауап берсе, жан-жағындағылар да аман болады деп ойлаймын.
Айта кетейік, қаладағы тұрақсыз эпидахуалға байланысты Алматыда карантин шаралары күшейтілген. 21 наурыздан бастап қаладағы ойын-сауық орталықтары мен ашық және жабық базарлардың жұмысы толығымен тоқтатылған. Сауда үйлері жабылып, тамақтану орындары тек жеткізу қызметі арқылы жұмыс істеп тұр.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы