Телемедицина орталығы қызметіне жүгінгендер саны 3 есеге артты

05.08.2021 02:04

Шілде айының өзінде 3 мыңнан астам тұрғын орталық мамандарына хабарласып, алғашқы медициналық көмек алған

Эпидахуалға байланысты құрылған «Телемедицина» орталығына қоңырау шалып, кеңес алушылар саны көбейген. Шілде айының өзінде 3 мыңнан астам тұрғын орталық мамандарына хабарласып, алғашқы медициналық көмек алған. Қызметкерлердің айтуынша, соңғы уақытта халық арасында вакцина туралы көкейкесті сұрақтар көп. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын. 

Мейіржан Дәуірбек Телемедицина орталығында тұрғындардың қоңырауын қабылдап, медициналық кеңес беріп, алғашқы көмек көрсететін 76 қызметкердің бірі. Дәл осылай тәулік ішінде барлық қоңырауға жауап беріп, коронавирус жұқтырған адамның жағдайын бақылауда ұстайды.

«Симптомдар пайда болды, не істеу керек? Емханаға қалай шыға аламын? Мобильді бригаданы қалай шақыру керек? Қазіргі таңда вакцина жайлы сұрайтындар көп қойылады», – деді Телемедицина орталығының қызметкері Мейіржан Дәуірбек.

Бүгінде Алматы бойынша 10342 науқас Телемедицина мамандарының жіті бақылауында. Сондықтан бұл орталыққа терапевтер мен пульмонологтар, кардиологтар мен гинекологтар, жұқпалы аурулар дәрігері де жұмылдырылған.

«Телемедицина орталығы 24 сағат демалыссыз жұмыс істейді. Біз үй карантинінде отырған тұрғындарға өзіміз қоңырау шалып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Қазір эпидахуалға байланысты қоңырау шалушылар саны 3-4 есеге артты», – деді Телемедицина орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Ұлжан Бауыржанқызы.

Телемедицина орталығы қаладағы эпидахуалға байланысты өткен жылдың 18 қыркүйек күні өз қызметін бастады. Ал, бүгін медицина мамандары журналистердің басын қосып, қызметкерлердің жұмыс барысымен таныстырды. Тыңдаушы құлаққа алтын сырға. Егерде сізде коронавирустың қандайда бір белгілері анықталса, төменде көрсетілген нөмірге байланысқа шығыңыздар. Сондай-ақ, осы індетті ауыздықтау үшін вакцина алып, карантиндік шараларды қатаң түрде сақтаңыздар. Себебі, саулық сақтықта.

Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.