7 сәуірден бастап Тараз қаласы толықтай карантинге жабылады

07.04.2020 02:57

Енді қоғамдық орындар мен саябақтарға, тамақтану орындарына баруға болмайды

tengrinews.kz

Бүгін сағат түнгі 00.00-ден бастап Тараз қаласы толықтай карантинге жабылады. Бұған себеп – облыс аумағында COVID-19 дертінің дендеп, жұқтырғандар санының күрт өсуі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Енді қоғамдық орындар мен саябақтарға, тамақтану орындарына баруға болмайды. Дәмханалар тек «тұтынушыларға жеткізіп беру» режимі бойынша жұмысын жалғастырады. Тұрғындарға сыртқа шығуға да тыйым салынып отыр.

Жамбыл облысында коронавирустың күрт көбеюі күні кеше орын алған болатын. Жаңа тіркелген жағдайлар облыс басшылығын карантин режимін енгізуге мәжбүрледі.  Атап айтсақ, 10 науқас шекаралық бекеттерден, ал, 3 дерек Қордай ауданынан анықталды. 4 адам – 3 сәуір күні Үндістаннан Таразға қонған ұшақ жолаушысы. Қазіргі таңда әуе кемесімен Әулиеатаға қонған 91 азамат карантинге жатқызылған.

«Төрт адам 3 сәуір күні Дели-Тараз ұшағымен келді. Олардың барлығы бүгінде карантиндік госпитальда жатыр. Анализ қорытындысы оң нәтиже беріп отыр. Бүгінгі күні бұл азаматтардың денсаулығында ешқандай шағым жоқ. Дене қызуы байқалған жоқ», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ.

Тіркелген деректерден билік өкілдері төтенше шешім қабылдады. Бұдан былай, халық азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет, сонымен қатар, банк және пошта қызметтері үшін ғана сыртқа шыға алады. Қалған жағдайдың бәріне тыйым салынып отыр. 3 адамнан артық топтасуға, сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың жеке жүруіне болмайды. Жеке тұлғалар,  автокөлік  жүргізушілері жеке қорғану құралдарын пайдалануға міндеттелді.

«Тараз қаласының аумағында 7 блок-бекет орнатылды. Блок бекеттерде тиесілі құрал-жабдықтармен барлығымен қамтамасыз етілді. Тікелей қалада ашылған штабпен байланыста болады. Бұлар компьютермен, тиісті видеокамералармен, тепловизорлармен түгелдей қамтамасыз етілді. Күнделікті 24 сағат кезекшілік ұйымдастырылды», – деді Тараз қаласының әкімі Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ.

Карантинге сай Тараздағы ірі сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, сауда нысандарының, автосалондардың қызметі, автоқосалқы бөлшектер сату, гүл павильондарының да қызметі тоқтатылады. Өңірде тек көктемгі егіс жұмыстарын жүргізетін  автокөлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат беріліп отыр. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларын,  медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын көліктерге де жеңілдік қарастырылған.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан