Дертке қарсы тұрған дәрігерлердің айлығына сәуір айында қосымша үстемақы төленді
Алматыда коронавирус жұқтырудың 1 мың 427 дерегі тіркелді. Ауырғандардың 299-ы індеттен құлан таза айығып, үйлеріне шығарылды. Қауіпті індетті жұқтырғандардың 92 пайызы скрининг жасау кезінде, ал 7 пайызы науқастар арасында тұмау мен пневмония белгілері арқылы анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалада COVID-19 инфекциясымен 19 медициналық мекеме күресіп жатыр. Дертке қарсы тұрған дәрігерлердің айлығына сәуір айында қосымша үстемақы төленді. Бүгінде 3 мың 418 алдыңғы қатарда жұмыс істеп жүрген медицина қызметкері қаржылай көмекке қол жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы орындау мақсатында дәрігерлерге үстемақы уақытылы төленіп жатыр. Қаржылай қолдауды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Оны қала әкімі бекіткен. Қазіргі таңда 1 миллиардтан астам қаржы төленді. Категория бойынша алсақ, қауіптілігі өте жоғары санаттағы 375 қызметкерге 254 миллион теңге берілді. Екінші санат, қауіптілігі жоғары оған жататын 1943 қызметкерге 677 миллион теңге және үшінші қауіптілігі орташаға жататын медициналық қызметкерге 1100 жұмысшы. Оларға 183 миллион теңге төленді. Жұмыс ары қарай да жалғасады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.