Шаһарда жалпы саны 8 мың 600-ден аса тұрғын үй болса, оның барлығы тұрақты түрде конорнавирусқа қарсы залалсыздандырылады. Ал 30 қазаннан бастап дезинфекторлар Бас санитардың қаулысы бойынша әрбір көппәтерлі үйлердің кіреберісін аптасына 3 рет залалсыздандыруға кіріскен. Дезинфекциялау үшін қандай ерітінді қолданылады? Мамандар қала тұрғындарына қандай кеңес береді? Толығырақ Алмалы ауданындағы кезекті залалсыздандыру жұмыстарына қатысып қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай баяндайды.
Күн сайын қаланың 8 ауданы бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерді өңдеуге 50 бригада шығады. Өңдеу шараларын бастамас бұрын дауыс ұлғайтқыш құралмен жарты сағатқа дейін сыртқа шықпауды ескертеді. Ал жоғарғы қабаттарда тұрғындарды хабардар ету үшін мамандар олардың үйлеріне дейін көтеріледі.
Алмалы ауданында дезинфекторлар күн сайын бекітілген кестеге сәйкес ойын алаңдары мен тұрғын үй аулаларын залалсыздандырады. Әр маманның өз костюмі, қорғаныш көзілдірігі және ерітінді құйылған жабдығы бар. Сұйықтық қауіптіліктің 4 санатына жатады. Яғни, адам мен жануар денсаулығына еш зияны жоқ.
Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ерітіндінің құрамы аптасына 3 рет арнайы сараптамадан өтеді. Сұйықтық карантинге дейін де түрлі микробтар мен бактериялардың алдын-алу үшін қолданылып келген. Сондай-ақ, сұйықтық дезинфекторлар үшін де қауіпсіз. Тек ерітіндіні нұсқаулық бойынша дайындау қажет.
«Мердігерлік компаниялардың өзінің жасап отырған ерітінділері. Аптасына 3 рет орталық лаборатория экспертизадан өткізетін. Сол жаққа пробаларын өткізіп тұрамыз. Сол жерде ол тексеруден өтеді», – деді қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бөлімінің басшысы Жандос Қайырханов.
Алмалы ауданы бойынша бір жарым мыңға жуық тұрғын үйді залалсыздандыру үшін жүз маман тартылған. Дезинфекциялау барысында есік тұтқалары, баспалдақтар, тіпті, пошта жәшіктері де назардан тыс қалмайды. Күніне шамамен 60 мың литр дайын сұйықтық пайдаланылады.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы