Коронавирус вакцинасын салдырған дәрігерлердің жағдайы қалай

Коронавирус вакцинасын салдырған дәрігерлердің жағдайы қалай
Covid-19-ға қарсы екпенің жүргізіліп жатқанына бүгін 10-күн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қауіпті індетке қарсы жаппай вакциналау науқаны өзге аймақтарда да жүргізіліп жатыр. Өңірлік дәрігерлер ковидтен сақтанудың бірден-бір жолы екпе алу екенін сенімді түрде айтады. Вакцина салдыртқандарына бір аптадан көп уақыт өтсе де, дәрігерлердің ешқайсысынан шағым түспеген. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Covid-19-ға қарсы екпенің жүргізіліп жатқанына бүгін 10-күн. Семейде осы аралықта 400-ге жуық медицина қызметкері екпе алған. Алдағы уақытта тағы 296 адамға екпе салынады деп жоспарланып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина алғаннан кейін дене ауырсынып, қызу көтерілуі мүмкін. Бірақ оны кері әсер деп айтуға болмайды. Бұл иммундық жүйенің жауабы дейді ақ халаттылар.    

«Бұл вакцина екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі ол уақытша адамның денсаулығында уақытша ғана иммунитет пайда болады. 21 күннен кейін екінші кезең салынады. Содан кейін адам ағзасында екі жылға жуық иммунитет пайда болады. Бұл иммунитет адам ауруды қабылдамайды», – деді Семей қалалық № 2 емханасының бас дәрігері Совет Исабеков.

Ал, Өскеменде екпені алғашқылардың бірі болып санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Рафаиль Халитов алған. Оның айтуынша, екпе алу тек өзінің ғана емес, өзгерлерді де қорғаудың ең сенімді тәсілі.

«Екпені 1 ақпанда алдым. Әр азамат вакцина алу керек екеніне сенімдімін. Тіпті, ковидпен ауырған адамға да керек. Себебі 2-3 рет ауырғандар туралы да естіп жатырмыз. Олардың барлығында антидене жеткілікті емес», – деді облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының бөлім меңгерушісі Рафаиль Халитов.

Ал, Павлодарда бүгінге дейін 600-ден аса медициналық қызметкер Ресейдің «Спутник-ВИ» вакцинасын салдырған. Соның бірі – Нұрәлем Сапарбеков. Арада бір апта өтсе де, жағдайы ақ халыттылардың бақылауында.

«Жағдайым жақсы болды. Ешқандай жанама әсер, асқыну болмады. Одан кейін 3 күн ішінде телефон арқылы жағдайымды біліп отырды. Қазіргі кездегі жағдайым қанағаттанарлық, жұмысымды әрі қарай жалғастырып жатырмын», – деді №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Нұрәлем Сапарбеков.

Қазір жасыл аймақтағы Қызылорда өңірінің дәрігерлері де белсенді. Кеселден құтқарады деген вакцинаны алғаш болып қабылдаған олар тұрғындарды қорықпауға шақырады.

«Ковид жұқтырған науқастармен өткен жылдың сәуір айынан бастап байланыста болып келеміз. Сақтық шараларын қатаң сақтағаннан болар, өзім жұқпалы дертпен ауырған жоқпын. Десе де сақтықта қорлық жоқ. Вакцинаны көпшілікпен бірге мен де қабылдадым», – деді жалпы практика дәрігері Денис Грэйс.

Ал, Қарағандыда өндіріліп жатқан QazCovidIn отандық вакцина бүгінге дейін 3 мың ерікті азаматқа салынған. Нәтижесінде екпенің қауіпсіз екені және антидене қалыптастырғаны анықталған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі отандық екпені наурыз айының соңында қолдануды жоспарлап отыр.

Ұлағат Арғын

Новости партнеров