Видеодағы мәлімет шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды
«Жалға алу бағасының көтерілуіне байланысты пәтерден шығару» туралы ТikTok-ғы «әзілі» үшін қызылордалық әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда қаласының 26 жастағы тұрғыны отбасымен табиғатқа шығып, TikTok-қа «500 мың төлемесеңдер квартираны босатыңдар деп каналда түнеп жатырмыз» деген видео жариялады.
Бейнежазба бойынша полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде посттағы мәлімет шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Ол өзінің жеке үйінде отбасымен бірге тұратын болып шықты. Бір сәтте мыңдаған адамдардың назарын аударған жас әйел бұл қарапайым әзіл екенін айтады.
Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы «арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру» әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.