Жезқазғанда ірі мөлшерде бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісі анықталды

29.11.2023 15:31

Ұлытау облысының прокуратурасы тексеру жүргізді

Сурет: time.kz

Ұлытау облысының прокуратурасы Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісін анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің (ТКШ бөлімі) қызметін тексерген. Нәтижесінде Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі анықталды.

Атап айтқанда, 2021 жылы ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғалары құрылысты жоғары бағамен қабылдаған. Бұл дегеніміз 223 млн теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын негізсіз артық төлеуге әкелген.

 - Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастап, оны тергеп-тексеру Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды. Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды, - делінген прокуратураның хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай өзге мәлімет тергеу мүддесінде жарияланбайды. Сонымен қатар ҚР Конституциясының 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сай әркім өзінің қылмыстық құқық бұзышылық жасаудағы кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті