Талдықорғанда қаскүнем терминал ұрлап, ішіндегі ақшасын қолды қылған, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері ұсталған адамнан төлем терминалы мен ақшаның бір бөлігін тәркіледі. 20 мамыр күні Талдықорған қаласының Шығыс қалалық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне ойын-сауық орталықтардың бірінде орналасқан төлем терминалының ұрланғандығы туралы хабар келіп түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөліміне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Ізі суымай Сарқан ауданының 31 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдіктіден ұрланған терминал және сол аппараттан алынған жалпы соммадан қалған екі жүз мың теңгеден астам ақша тәркіленді. Күдікті ұрлық жасағанын толық мойындады. Терминалды жалғыз далаға шығарып алған ол оны өзі тоқтатқан таксиге тиеп, жалдамалы пәтерге апарған. Такси жүргізушісіне терминалдың оның меншігі екенін және оны басқа жерге апаратынын түсіндіріп жеткізген. Жалдамалы пәтерде қолда бар құралдардың көмегімен терминалдың ақша салынған бөлігін сындырып, ақша сомасының көп бөлігін өз қажеттіне жұмсаған, ал қалған бөлігі тәркіленді»,-деп хабарлайды Талдықорған қаласының Полиция басқармасының басшысы Асқар Нурсапа.
Ұсталған адам бұрын 2012 жылы қарақшылық жасағаны үшін сотты болғаны анықталды. ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Енді ол бүлінген терминалды және одан ұрланған ақшаны өтеуі қажет.